Жаңалықтар тізбегі
0

Интернет қайыршылық – бизнестің жаңа түрі ме

Интернет қайыршылық – бизнестің жаңа түрі ме, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.02.2024 16:57 Сурет: pixabay
Ғаламтор пайда болғалы қол жайып ақша сұрайтындар көбейді. Қайыршылықты кәсіпке айналдырған жандар ғаламторда да парақша ашып, кәсіптерін жалғастыруда.

Интернетте, әсіресе, әлеуметтік желілердегі парақшаларда кімнің-кім екенін ажырату қиын. Құжаттың шын немесе өтірік екенін де дөп басып табу оңай емес. Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Алаяқтар аңқау елді алдау арқылы жақсы табыс табады.

Интернет қайыршылықтың қанша түрі бар?

Бірінші түрі – ауру балалардың сурет, видеоларын салу арқылы ақша жинау. Әлбетте шын мұқтаж, көмекке зәру адамдарға қатысы жоқ. Ауру баланың атын жамылып ақша жинап, соңында ақша да жоқ, көмек те жоқ болып іс-әрекеттерінің соңы сұйылып кететіндер жетерлік.

Екінші түрі – инфосығандық. Инфосығандық дегеніміз – тәжірибесі, білімі болмаса да, маркетингтік тәсілдерді қолдана отырып "білім" сату. Айта кетейік, инфосығандықтың тәжірибелі, білімді мамандарға қатысы жоқ.

Инфосығандық та қайыршылыққа жатады. Өйткені елден ақша жинау арқылы қолға ұсталмайтын, көзге көрінбейтін білімді беру арқылы өз жағдайын қамтамасыз етеді. Осылай тұрақты түрде ақша табады.

Инфосығандарды нағыз мамандардан қалай ажыратамыз? Олар аз уақыт ішінде нәтижеге шығудың жолын көрсетеміз деп сендіреді. Яғни "менің курсымды алсаң, сен де мен секілді бай, бақытты боласың" деген аңызға сенетіндер әлі де көп. Әлеуметтік желіде эксперттің әдемі өмірі белсенді түрде насихатталады: қымбат көліктер, шетелдегі қымбат қонақүйлердегі демалыс, яхтаның жанындағы сурет, бренд заттар. Бұның барлығы қарапайым адамның өз білімінің арқасында осыншалықты атақ-даңқ пен байлыққа ие болғанын көрсету үшін жасалады. Алайда шындығында инфосығандар курстарын қымбатқа сатып, тек аңқау елдің ақшасына ғана өмір сүреді. Көбіне олардың басқалай тұрақты табыстары болмайды. Тіпті бренд заттары мен шетелге саяхаты несиеге жасалуы да әбден мүмкін.

Үшінші түрі – қиын жағдайда қалған адамдарға үй алып беру үшін жиналатын ақша. Бұндай әрекеттің соңы көбіне дауға ұласып жатады. Оның себебі көп. Соның бірі халық алдына жалған есеп беріп, үй алса да, адам тұрмайтын жерден алып беріп көзбояушылық жасайтындар жетерлік.

Интенет алаяқтықтың құрбандары азаймай тұр. Бұл мәселеге тұрғындардың аңқаулығы себеп.

Мамандардың сөзінше, ақша жайында әңгіме қозғаған адамға сенбеу керек, бейтаныс адамның айтқанын істеп, ол айтқан нұсқауларды орындамау керек, күмән туғызатын қосымшаларды жүктемеу керек. Қылмыскерлер бірнеше секунд ішінде пайдаланушының телефонындағы барлық деректі оқып, оны өз құрылғысына жібере алады.

Алаяқтықтың бар екенін білсе де, адамдар сеніп қалады, сақтық шараларын қабылдамайды. Әрбір адамға өзіне керек заты болады, соны алғысы келеді. Ақшаны аудармаса, алаяқтың ойы іске аспайды, егер алаяқтар адамды алдағысы келсе, соңына дейін апарады, соңына дейін ақшасын шешкізеді.

Мамандар дербес деректерді, пластикалық карталардың кодтарын ешкімге бермеуге, кез келген сілтемеге өтпеуге шақырды.

Жалпы қайыршылықтың ең басты мақсаты – жеңіл ақша табу екенін айттық.

Қайыршылықтың мынадай түрлері бар:

1) дәстүрлі,

2) реквизитті,

3) балаларды қолдану арқылы жасалатын,

4) аскерлік

Дәстүрлі қайыршылыққа қарт адамдар барады. Олар көбіне көшеде қол жайып отырады.

Реквизитті қайыршылыққа әртүрлі заттар қолданатын жандар жатады. Мысалы, аяушылық шақыратын жазу жазылған тақта, мүгедектер арбасы т.б. Бұндай реквизиттерді қолдану арқылы орта жастағы адам қарт кісіге айналады немесе қыз жүкті көрінуі мүмкін.

Аскерлік қайыршылық дегеніміз – далада ән салып, күй ойнап немесе би билеп беретін жандар. Олар сырт көзге өнерлі, креативті көрінеді.

Интернеттің қанат жаюымен бұлардың қатарына инфосығандық та қосылды деуге негіз бар.

Психолог Виктория Левинаның сөзінше, ең бастысы – қырағы болу керек.

"Егер қайыршылық белгілі бір емге арналып басталса, құжаттар мен ұйымдастырушыны тексеру керек. Арнайы қорларға, қауымдастықтарға ақша салғанда тексеріле ме, тексерілмей ме, соны қараңыз. Инфосығандық маркетингтік тәсіл, адамдардың жанды жеріне тию арқылы сатылым жасау, маркетологтар осыны үйренеді, яғни адамның жанды жерін табуды оқиды. Қалай қорғанамыз? Өзім мамандық бойынша дамуды, жаңа білім игеруді жақсы көремін, кейде курстарға қатысамын. Сондай бір сабақтардың ішінде 2-3 сабақтан соң бұл жақта мен үшін жаңа білім жоқ екенін түсінген соң арыз жазып, себебін түсіндіріп ақшамды қайтарып алдым", - дейді психолог Виктория Левина.

Ресейде инфосығандықтың негізін Андрей Парабеллум (Косырин) есімді блогер қалаған. Оның "Миллион тұратын курсы" кең таралған. 2016 жылы курсқа қатысқан Марк Куликович есімді жігіт бизнес-тренерді сотқа беріп, сотта жеңіп шыққан. Куликович 100 мың рубль өндіріп, Косыринды "алаяқ" деп сот арқылы дәлелдеді. 2021 жылы бизнес-тренер коронавирустан қайтыс болған.

Бұндай оқиғалар Қазақстанда да тіркелді.

2022 жылы Жұлдыз Ақболат есімді блогердің курсын 500 мың теңгеге сатып алған 20 адам сотқа арыз түсірді. Тіпті тікелей эфирде республикалық арнаға шығып, осы мәселе талқыға түсті.

"Қуғынмен келген ақша сүргінмен кетеді", - дейді қазақ. Жеңіл ақша табам деп ар-намыстан аттаған әр адам әрбір тиынның есебі боларын қаперіне ұстаса игі.

Интернет алаяқтардың құрығына түсетін кім?

-Жаңа өмір бастағысы келетін жандар

-Күйзелісте жүрген, өзін түкке жарамайтын адам ретінде сезінетіндер

-Декретте отырған, қажыған аналар

Сонымен қатар, оң-солын ажырататын, көзі ашық жандар да алаяқтардың құрбанына айналып жатады. Өйткені алаяқтар адамдарды алдап-арбауға кәсіби түрде үйренеді. Сондықтан ең бастысы – бөтен нөмірден деректеріңізді сұрай бастаса, секемшіл болып, бірден бұғаттап тастағаныңыз дұрыс, дейді мамандар.

Мейіргүл Оңғарова

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: