Президент Өскемендегі Үстел теннисі орталығына автобус сыйлады
Президентке берілген мәліметке сәйкес, орталық үстел теннисі бойынша облыстағы балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв спорт мектебінің базасында құрылған. Мұнда ірі жарыстар, бұқаралық спорт шаралары мен оқу-жаттығу жиындары өткізіледі. Сондай-ақ инваклуб спортшылары, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін кәсіби дәрістер, шоудаун (көзі нашар көретіндерге арналған үстел теннисі) ұйымдастырылады.
Ғимарат кәсіби теннис үстелдерімен және басқа да спорт құралдарымен жабдықталған. Орталықта спортшылардың жарыстардан кейін және жарақат алған кезде физиотерапия ем-шараларын алып, қайта қалыпқа келуі үшін арнайы құрылғылармен жабдықталған дәрігерлік-денешынықтыру диспансері бар.
Сурет: akorda
Қасым-Жомарт Тоқаевқа спорттың осы түрі бойынша өңірдің жетістіктері туралы мәлімет берілді. Мысалы, өткен жылы облыс командасы Қазақстанның ашық чемпионатында жеңімпаз атанған.
Президентке тәжірибе алмасып, спорттық шеберлігін шыңдау үшін Үстел теннисі академиясын құру жоспарланып отырғаны жөнінде баяндалды.
Мемлекет басшысы спорт ареналарын аралап көріп, "Үміт" балалар үйінің тәрбиеленушілерімен сөйлесті.
Президент облыс әкіміне аталған мекеменің жағдайын ерекше бақылауда ұстауды және тәрбиеленушілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды.
"Сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Ал орталыққа келер болсақ, ол, шын мәнінде, жүйелі жұмыс істеп жатыр. Жалпы, үстел теннисімен шұғылдану адами қасиеттер мен спорттық дағдыларды дамыту тұрғысынан пайдалы", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үстел теннисі орталығына автобус сыйлап, жас спортшыларға табыс тіледі