Оралда ерекше әдіспен ұлттық киім тігетін шебер тұрады
Қазақы ою-өрнектің әсемдігін әспеттеп, ұсақ моншақ, сапалы әшекеймен сәнделген бас киімдер көздің жауын алады. Бұл - облыстық газетте тілші болған Ләззат Шағатайдың төл өнімі. Әріптесіміз екі-үш жыл бұрын кәсібін өзгертті. Жүрек қалауымен қолөнерге келді. Әрине ізденді, оқыды. Жаңа әдіс-тәсілді меңгерді, деп жазады qazaqstan.tv.
"Ең бірінші қыздарыма, ұлдарыма қазақы тәрбие бергім келіп осы жаққа бет бұрдым. Мына оюлап салып жатқаным - шелкография әдісі. Мен осы тақия, шапандарды тіккенен кейін матаға арналған, жуса кетпейтін арнайы бояулармен сурет салып, сәндеймін." Ләззат Шағатай, шебер
Шебер өз дизайнымен шапан, жамылғыларды да тігеді. Түсі мен түрі, әрі мен мәні келіскен ұлттық киім-кешекке "Сырғалым", "Шашбаулым", "Таңбалы тас", "Көк теңіз", "Қарлығаш", "Шабандоз ару", "Мерген қыз" деп ат қойған. Ісмерлердің қалалық көрмесіне де қатысып, кәсіби мамандардың жоғары бағасын алды. Туындыларына тапсырыс берушілер де көбейді.
"Қазақы сипат берудің әдемі заманауи үлгісін ойлап тапқан. Сондықтан өзіме, қыздарыма шапан алдым. Қазір сәнге айналды ғой сөмке ұстап жүру, арнайы матадан тігілген. Солардың барлығы да қазақы нақышпен тігілген. Қыздарыма алдым. Осы дәстүр тек уақытша болып қалмай, кәдімгі күнделікті салтымызға енсе деп тілейміз." Ақмоншақ Жұмаева, қала тұрғыны
Бала күтіміндегі ісмер келіншек бұған дейін асүй, дастархан жабдығын, қол сөмке, көйлек-жейде тігіп, талмай еңбек етті. Мектеп оқушыларына ұлттық үлгідегі баскиім мен кәжекей киіп жүруге үлес қосты. Этностильдегі киім мен қазақтың зергерлік өнерін ұлықтайтын елішілік "Ұлттық сезім" жобасы шеберлерге соны серпіліс бергенін айтады. Келешекте ойдағы жарқын идеяларын жүзеге асырып, тігін шеберханасын ашып, өз брендін қалыптастырғысы келеді.