Жаңалықтар тізбегі
0

Үкімет басшысы Қазақстандағы коммуналдық қалдықтарды сұрыптауды сынға алды

Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін жаңа 37 зауыт іске қосылады, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.03.2024 13:03 Сурет: primeminister.kz
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов 2024 жылғы 12 наурыздағы үкімет отырысында тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесін кешеуілдетіп отырған министрліктер мен облыстардың жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Премьер-Министр атап өткендей, республиканың көптеген өңірлерінде әлі күнге дейін коммуналдық қалдықтарды ұтымды жинау мен шығаруға және оларды сұрыптап, қайта өңдеуге жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Оңды-солды рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болуда. Оларды жою мәселелері уақтылы шешілмейді.

"Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда. Ал, бізде қарапайым сөзбен айтқанда, жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды. Бұл елді мекендердің көркін бұзумен қатар, ешқандай санитариялық, экологиялық нормаларға сай келмейді", — деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министрдің айтуынша, тамақ қалдықтарын кәдеге жарату мен қайта өңдеу мәселелері де шешімін таппай отыр. Осыған байланысты қалдықтарды жинаудан бастап, қайта өңдеуге дейін кәдеге жаратудың тиісті тетіктерін әзірлеу қажет.

"Министрлік пен өңірлер бұл жұмысты созбалаңға салып жіберді. Кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады. Ал, қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандар аз", — деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр мысал ретінде Солтүстік Қазақстан облысындағы "Радуга" компаниясы полиэтилен мен қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, халық тұтынатын әр түрлі тауарлар өндіріп отырғанын айтты. Шымкентте "Еврокристалл" компаниясы шыныны қайта өңдеп, ыдыс-аяқ шығарады.

Алматы облысында "KZ recycling" компаниясы макулатурадан қағаз өнімдерін шығарады. Ал Қызылорда облысында әрбір аудан қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты өз жобаларын іске асыруда.

Бұл ретте Үкімет басшысы Атырау, Ақтөбе және Абай облыстары көптен бері қалдықтарды сұрыптау желісін іске қоса алмай отырғанын атап өтті.

Олжас Бектенов жалпы, бүкіл әлемде қоқысты қайта өңдеу табысты бизнес болып отырғанын, Қазақстан да бұл бағытта замана көшінен қалмауға тиіс екенін атап өтті.

"Осындай жобаларды іске асыру кезінде кәсіпорындарды экономикалық жағынан ынталандырудың тиімді тетіктері енгізілуі қажет. Оның үстіне, коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу мен сұрыптау жобалары 15 жылға 3% жеңілдікті мөлшерлемемен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландырылатын болады", — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы сондай-ақ қалдықтар жинау, тасымалдау және қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпорындар үшін ЭкоҚолдау төлем бағдарламасының тетігі қайта іске қосылғанын айтты.

"Қалдықтармен жұмыс істеудің нақты жүйесі экономикалық және экологиялық әсер беріп қана қоймай, кәсіпорындар ашуға, жаңа технологиялар тартуға, жұмыс орындарын ашуға да ықпал етеді", — деді Олжас Бектенов.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде Үкімет басшысы қалдықтарды қайта өңдеу саласына инвесторлар тартудың қосымша тетіктерін әзірлеуді, тиісті инфрақұрылымдық жобалары бойынша өтінімдерді жеделдетіп қарау шараларын қабылдауды және толық пайдалануға берілгенге дейін әрбір жобаны сүйемелдеуді қамтамасыз етуді тапсырды. Премьер-Министр осы салада басталған барлық жобаларды іске қосу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: