Қостанайдағы 9 жеделсаты тоқтап тұр
Ал оны ауыстыруға тиіс қаладағы жалғыз кәсіпорын жабылып қалыпты. Оны қайта ашу үшін Үкімет қаулысы қажет.
Жалпы облыс орталығында 409 жеделсаты болса, оның 100-ге жуығының пайдалануға берілгеніне ширек ғасырдан асқан, деп жазады qazaqstan.tv.
Яғни, ауыстыруды қажет етеді. Коммуналдық мекеме мамандары бұл мақсатқа мемлекеттік бағдарламамен қаржы бөлу жолдарын қарастырып жатырмыз дейді.
Ал жеделсатысы жұмыс істемейтін үйлердің тұрғындары үшін қазір өз баспаналарына кіріп-шығу азапқа айналған.
"Маған қиын. Мен төртінші этаждан шыға бергенде басым айналып кетті. Құладым да, жатып қалдым. Сол баспалдаққа шығуды қойдым. Мінеки, сосын ауырып отырмын. Таза ауа жұта алмаймын. Далаға шығып, серуендейін десем, шығу маған қиынға тиеді." Жаңылтай Әділхан, қала тұрғыны
Лифтті ауыстыруға бюджеттен бөлінетін қаржыны несие деп қабылдаса болады. Ол 15 жылға есептелген. Ал тұрғындар оны қандай мерзімге алатындығын өздері шешеді. Ең бастысы көп қабатты үй тұрғындарының үштен екісі келісім беруі керек, - деді Қостанай қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы, Ғабит Бектабанов.