Тоқаев: Біз сырттан келген жат ағымдардың ұрпақ санасын улауына жол бермеуіміз керек
Президент бүгінгі Ұлттық құрылтай жиынында дін мен дәстүрдің бірлігіне арнайы тоқталғанын атап өтіп, ұлттық болмысымыздың арқауы саналатын осы екі құндылықты бір-біріне қарсы қойып жүрген теріс ағымдар жөнінде алаңдаушылығын білдірді
"Ашығын айтсақ, дін мәселесі бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Біз сырттан келген жат ағымдардың ұрпақ санасын улауына жол бермеуіміз керек. Бұған салт-дәстүрімізді сақтау және саналы ұрпақ тәрбиелеу арқылы төтеп бере аламыз. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы айрықша рөл атқаруға тиіс. Иман жолына бет бұрған жастарға дұрыс бағыт сілтеу – өте маңызды міндет. Мүфтият осы іске баса мән беріп, мұқият айналысқаны жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің жаңашылдық пен жасампаздық жолына түскеніне назар аударды. Бұл – Наурыз мерекесімен және Ислам құндылықтарымен толық үндесетін сара жол.
"Биылдан бастап елімізде әз-Наурыздың онкүндігін жарияладық, яғни әр күнді ерекше атап өтетін болдық. Бүгін 15 наурыз – "Қайырымдылыққа" арналған. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында елімізде көптеген игі істер жасалуда. Халқымыз жанашырлық, тілеулестік, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттерін іс жүзінде көрсетіп жатыр. Бұл, шын мәнінде, озық қоғамға тән сипат деуге болады", – деді Мемлекет басшысы.
Ауызашарда Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Илья Жақанов, "Вайнах" Қазақстан шешендері мен ингуштары қауымдастығының тең төрағасы Ахмет Мурадов, Астана мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов сөз сөйледі.
Алдында Мемлекет басшысының атынан Ұлттық құрылтай қатысушыларына ауызашар берілгені хабарланған болатын.