Жетісу полицейлері тұрғындарға ұрланған малын қайтарып берді
Жаркент қаласының тұрғыны Панфилов ауданының полициясына мал ұрлығы туралы арызбен жүгінді. Полицейлер қылмыскердің 8 наурызда арызданушының қорасына кіріп, ұрлық жасағанын анықтады.
Мал иесі бірден іздеуді бастаған, алайда сәтсіз әрекеттерден кейін ол полициядан көмек сұраған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері мал ұрысын ұстап, малды заңды иесіне қайтарып берді.
"9 наурызда менің малымды ұрлап кеткендіткен мен Панфилов ауданының полициясына арызбен жүгіндім. Қазіргі уақытта күдіктілер ұсталып, менің малымды қайтарып берді. Ол үшін Панфилов ауданының полиция қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді", – дейді қала тұрғыны Санжар Тұрлажы.
Осыған ұқсас факт бойынша ақпан айында Көктал-Арасан ауылының тұрғыны жүгініп, оған да Панфилов ауданының полицейлері ұрланған малды қайтарып берген болатын.
"Ақпан айында менің бұқам жайылымнан ұрланып, полицейлер ұрыны қолға түсірген болатын. Маған малымды аман-есен қайтарып берді, оларға алғысымды білдіремін", – деп атап өтті өз видеожолдауында Арнұр Жазылбеков.
Полиция өз тарапынан мал иелеріне үлкен қаржылық шығынды қажет етпейтін бірнеше ережелерді ұстануға кеңес береді.
Ол – малды таңбалау, жылқыларға төлқұжат алу, ұрлықшылардың малға қол жеткізуін тоқтату үшін мал қорасын жабдықтау, жарықтандыру және мүмкіндігінше бейнебақылау камерасын орнату, малды ұзақ уақыт қараусыз қалдырмау, жайылымда ұжымдық мал жаюды ұйымдастыру.
Ал егер ұрлық болған жағдайда оқиға туралы полиция қызметкерлеріне 102 телефоны бойынша дереу хабарласу қажет. Қылмыс іздерін, қораны бұзу іздерін, қылмыскердің аяқ киімінің ізін, қылмыс құралын, шина протекторларының іздерін және мал іздерін сақтау қажет.