Арқалап алып шықты: Ақтөбеде учаскелік полицей су басқан аумақтан тұрғындарды көшірді
2024 жылдың 2 сәуіріндегі ақпаратқа сүйенсек, өңірде көктемгі су тасқыны басталған алғашқы күннен бері Ақтөбе қаласының учаскелік полиция инспекторы Нұрхат Сәлімгереев тұрғындарды құтқару жұмыстарына белсенді қатысып жатыр.
Ведостваның мәліметінше, тәртіп сақшысы тіпті үй жануарларын да құтқарып жүр.
Алғашқы екі тәулікте ол тасқын суды белшесінен кешіп, ондаған адамды қауіпті аумақтардан алып шықса, бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін де күн сайын су басқан аумақтарға барып патрульдеумен айналысып жүр.
Қалада қауіп басталған 26 наурыз күні таңғы мезгілден бастап ол қаладағы Кривое озеро ауданындағы саяжай алаптарына барып, таңға дейін су басқан үйлерден бірнеше адамды қайыққа отырғызып, өзі қайықты сүйреп алып шыққан.
Үйлердің бірінде су қоршауында қалған итті де байқап, қалдырмай құтқарып алған. Келесі күні ол су басқан Новостройка-2 саяжай алабын аралап жүріп, су басқан үйде қалған әкелі-балалы азаматтарды анықтап, сулы аумақтан арқалап алып шығарған. Су басқан аулада байлаулы қалған тұрған итті де босатып, көтеріп алып шықты.
Адамдар мен жануарларды арқалап та, көтеріп те, қайыққа салып, сүйреп те алып шығып жатқан учаскелік инспектордың әрекеттерін тұрғындар мен әріптестері телефонға түсіріп алған. Батыл полицейдің бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тез тарады.
"Біздің әкімшілік аумағымыз, негізінен саяжай алаптары болғандықтан, су тасқынына көп ұшырады. Адам шығының болмағаны үшін өте қуаныштымын. Қазіргі таңда олардың мүлкінің қауіпсіз болуы үшін күнде осында келіп аумақтарды аралап шығамын", – дейді полиция қызметкері Нұрхат Сәлімгереев.