Алматыда жолшылар нөсер жаңбыр кезінде асфальт төсеп жүр
Видео сипаттамасында нөсер жаңбыр кезінде Бостандық ауданындағы Кәкімбек Салықов атындағы көше бойында асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылады.
Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі редакция сауалына жауап берді. Бұл ықшам ауданда арық жүйесі жоқ, сондықтан су басудың алдын алу үшін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
"2014 жылы арық жүйесі жоқ Салықов көшесін қамтитын Нұр Алатау ықшам ауданы Алматы қаласына қосылды. Су тасқынының алдын алу мақсатында аудан әкімдігінің өтінімі бойынша жоғарыда аталған көше қаланың орталық бөлігіндегі арық желілері мен нөсер кәріздерін салу және реконструкциялау жобасына енгізілді". Алматы қаласының әкімдігі
Әкімшілік жалпы ұзындығы 1800 метрді құрайтын Кәкім Салықов көшесі бойынша белгіленген арық жүйесін салу жұмыстарын Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының тапсырысы бойынша "Алматыжолқұрылыс" компаниясы" ЖШС мердігерлік ұйымы атқарып жатқанын да баса атап өтті.
"Арық желісін орнату бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Бүгінгі таңда асфальт жабыны қалпына келтірілуде. 2024 жылы 9 сәуірде сағат 06:00-ден бастап асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Соның барысында аяқ-асты жауын-шашын басталып, содан кейін асфальт төсеу жұмыстары тоқтатылды. Жаңбыр кезінде мердігер ұйым жерге төгіліп қойылған асфальт материалдың қатып қалуын болдырмау үшін белгілі бір учаскелерде тегістеу жұмыстарын соңына жеткізді", – деп түсіндірді әкімдіктегілер.
Қала әкімшілігі "Алматыжолқұрлыс "компаниясы" ЖШС мердігерлік ұйымының басшылығымен құрылыс нормалары мен ережелерін сақтау, сондай-ақ жұмыстарды сапалы орындау қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты.
"Қолайлы ауа райы жағдайында асфальт төсемін қалпына келтіру жұмыстарын ағымдағы жылдың 15 сәуіріне дейін аяқтау жоспарлануда". Алматы қаласы әкімдігі