Ластаев: Адам құқықтарын қалпына келтіру бойынша 275 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды
Ақорда мәліметінше, есепті Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев берді. Есепте:
- Аумақтық өкілдердің толықтай іске кіріскені жайында мәлімет берді;
- Былтыр Омбудсменнің атына 5 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есе көп екенін айтты;
- Ұлттық превентивті механизмнің жұмысы, заңнаманы жетілдіру, халықаралық ынтымақтастықты, құқық қорғау ұйымдарымен және азаматтық қоғаммен өзара ықпалдастықты жандандыру мәселелері туралы баяндады;
- Азаптаулардың алдын алу үшін оқшаулау мекемелерінде мыңнан астам кездесу өткізілгенін айтты;
Азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру бойынша 3,5 мыңнан ұсыным берілген, 275 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған. Нәтижесінде 900-ден астам адамның құқығы қорғалған.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Президенттің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қабылданған шаралар туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті.
Еске сала кетейік, мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 15 сәуірінде елімізде әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстар үшін жазаны қатаңдататын заң қабылданды.
Заңның мақсаты - әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және басқа да негіздерін жетілдіру.