Азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру туралы заң жобасы үкіметте қаралды
Үкіметте премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен «ҚР азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы талқыланды.
21 заңнамалық актіге (8 кодекс пен 13 заңға) өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Тиісті заң жобасы азаматтардың борыш жүктемесін азайту, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету, қарыздар бойынша төлемдерді ынталандыру және борышкерлерді өнімді экономикалық қызметке қайтаруды қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.
Заң жобаларын талқылау барысында жұмыс тобының 10 отырысы өтті. 100-ден астам ұсыныс пен ескертулер қаралды, «электрондық үкімет» платформасы арқылы қойылған 276 сұраққа жауап берілді.
Ұсыныстар негізінде заң жобаларына өзгерістер енгізілді. Оның ішінде: банкроттық туралы өтініштерді беру рәсімі жеңілдетілді, әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға мемлекеттік көмек қарастырылды, бітімгершілік келісім жасасу мүмкіндігі енгізілді, банкроттардың қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан міндетті түрде өтуі енгізілді.
Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр Әлихан Смайылов уәкілетті мемлекеттік органдарға келісілмеген мәселелер бойынша бірыңғай ұстанымдар әзірлеуді және отандық заңнамада қарастырылған барлық сараптаманы жүргізуді тапсырды.