БҚО-да шарықтау шегіне жеткен су тасқынымен күрес күшейтілді
Бүгінде Оралға ТЖМ және Қорғаныс министрлігі бойынша 200 адам келіп, жұмысқа кірісіп кеткен.
"Қанат Бозымбаев Оралдың периметрі бойынша су тасқынына қарсы қорғаныс құрылыстарын тексерді. Су тасқынының шарықтау шегі ұзарады деген болжам бар, осыған байланысты вице-премьер су басу қаупі бар аймақтағы өзендердің бойындағы топырақ бөгеттерін тағы бірнеше метрге көтеруді тапсырды.",- делінген хабарламада.
Сурет: primeminister.kz
Ведомстваның хабарлауынша, БҚО ауылдық елді мекендерінде жағдай тұрақты және бақылауда. Су тасқыны кезеңі басталғалы өңірдегі Жайық және Шаған өзендерінің бойында 136 шақырымнан астам бөгет салынып, оның ішінде Орал қаласында 45 шақырымы салынған.
21 сәуір күні таңертең Жайық өзеніндегі су деңгейі қауіпті межеден асып, 8,5 метрді құраған. Өзен суы жайылған жерге орналасқан саяжай алаптары су астында қалып, Жайық және Шаған өзендерінің маңындағы шағын аудандарға су жеткен. Орал қаласында су тасқынына қарсы іс-шаралар күшейтілген режимде жүргізілуде.
Сурет: primeminister.kz
Қорғаныс құрылыстарын нығайту шараларына облыс бойынша 10,6 мыңнан астам адам және қала бойынша 6,4 мың адам, сондай-ақ Қазақстанның басқа өңірлерінен тартылған 2 мыңнан астам техника жұмылдырылды.
Айта кетейік, "Қазавтожол" ҰҚ" АҚ уақытша қай өңірлерге жолға шықпаған дұрыс екенін мәлімдеді.