Энергетика министрі: Тасқын болған өңірлерде 5 мыңнан астам абонент жарықсыз отыр
Жауапты ведомства басшысының айтуынша, биыл тозығы жеткен жылу электр станцияларын күрделі жөндеу көзделген. Премьер-Министр маңызды шаруаға әкімдердің жеке жауап беретінін қатаң ескертті.
Алдыңғы апаттардан сабақ алса керек, биыл Үкімет жылыту маусымына ертерек қамданып жатыр. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, жаздай 10 энергоблок, 55 қазандық пен 45 турбинаны күрделі жөндеу көзделген, деп жазады qazaqstan.tv.
20 мың шақырымнан астам электр желісі де жаңарады. Электр желісі демекші, Сәтқалиев тасқын салдарынан жарықсыз қалған ауылдарға қайта тоқ беру жұмыстары жайлы да баяндады. Айтуынша, әлі 5 мың абонент жарықсыз отыр.
Ал Үкімет басшысы бұл жұмыстарды созбай уақтылы жүзеге асыруды тапсырды да нақты мерзімдерді белгілеп берді. Солтүстік және шығыс өңірлерде 15 қыркүйек, ал қалған аймақтарда 15 қазанға дейін жылу орталықтары жөнделіп бітуі керек. Әрі Премьер-Министр әкімдерге кабинетте отыра бермей, жөндеу жұмыстарының қалай іске асып жатқанын басы-қасында жүріп бақылауды тапсырды. Ал шаруаны мандыта алмаса, жазалайтынын да ескертті. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың айтуынша, апатты жағдайда тұрған жылу электр орталықтары биыл жаңғыртылуы тиіс.