Қазақстанда Аналар күні тойланып жатыр
Ана – әр адамның өміріндегі басты тұлға, көбінесе баланың тілі шыға салысымен айтатын ең алғашқы сөзі.
Аналар күні – әлемнің көптеген елдерінде анаға құрмет көрсетіп, оның мейірімі мен қамқорлығы үшін алғыс айту мақсатында атап өтілетін маңызды мереке.
Zakon.kz анаңызды мерекемен құттықтап, құшақтап алуға кеңес береді.
2024 жылы бұл мереке Қазақстанда 12 мамырда алғаш рет атап өтіліп жатыр. Бұл күн 2023 жылғы жазда бекітілді. Бұған дейін Аналар күні қыркүйек айының үшінші жексенбісінде тойланушы еді.
Мереке мамыр айының екінші жексенбісінде әлемнің 20-дан астам елінде тойланады. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Германия, Италия, Бельгия, Дания, Финляндия, Эстония, Түркия, Жапония, Бразилия және Аустралия бар. Ал бұлардан бөлек елдер бұл мерекені басқа күні атап өтеді.