Қазақстанда орташа жалақысы 607 мың теңге болатын өңірдің аты аталды
Ұлттық бюро сайтының мәліметінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі орташа жалақы көлемі 364 295 теңгені құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 17,6%-ға артық.
Нақты мәнде еліміздегі орташа жалақы көлемі 2,7%-ға өскен.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 000 теңге мөлшерінде белгіленді. Қазақстан Республикасында 2023 жылғы медиандық жалақы 251 356 теңгені құрады.
2023 жылы өңірлік бөліністе ең жоғары орташа айлық атаулы жалақы Атырау облысында белгіленді, ол 607 635 теңгені құрайды.
Одан кейін Маңғыстау облысы тұр – 535 156 теңге, Ұлытау облысы – 483 812 теңге.
Ал ең төменгі жалақы мына өңірлерде тіркелген:
- Солтүстік Қазақстан облысында – 262248 теңге,
- Жамбыл облысында – 269125 теңге,
- Жетісу облысында – 269378 теңге,
- Түркістан облысында – 270660 теңге.
2022 жылмен салыстырғанда орташа айлық жалақы озық қарқынмен өсуі ақпарат және байланыс саласында - 34,6%-ға, қаржы және сақтандыру қызметінде – 23,3%-ға, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау бойынша қызмет көрсетуде – 22,9%-ға тіркелді.
"Салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда –орташа республикалық деңгейден 2,1 есе жоғары, қаржы және сақтандыру қызметінде – 1,9 есе, ақпарат және байланыс саласында – тиісінше 1,6 есе", делінген есепте.