"Күйеуімен жанжалдасқан". Түркістандағы жантүршігерлік қылмыстың егжей-тегжейі белгілі болды
2024 жылғы ақпан айында қызылордалық әйел 2 баласын Түркістанға алып келіп, қасақана өлтірген еді. Ол 2 және 4 жасар баласын ұйықтатып, кейіннен тұншықтырған көрінеді. Ал бүлдіршіндер жан тәсілім еткен соң әйел Шымкент қаласына кетіп қалған. Кейіннен мегаполистегі қонақүйлердің бірінде ұсталған еді.
"Тергеу барысында Бота Хамитқызы кінәсін толық мойындаған. Жоспарлағаны жөнінде де айтқан. Ол балаларды арнайы Түркістан қаласына әкелген. Осының бәрін өзі айтқан. Алайда сотта өзінің позициясын өзгертіп, "бұл қылмысты қалай жасағаным есімде жоқ" деп жауап берген". Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Дәурен Мадалиев
Otyrar.kz-тің хабаралуынша, сотталып отырған Бота Хамитқызының адвокаты оның психикалық ауытқуы барына сенімді. Қорғаушы әйел балаларын тұншықтырып жатқан сәтте оның есі кіресілі-шығасылы болған дейді. Ал оның берген жауаптары да сәт сайын құбылып отырған көрінеді.
"Біз әйелдің психикалық ауытқуы бар деп ойлаймыз. Себебі оның құлағына бір тылсым күш сыбырлап, елестер көрінеді. 1 апта немесе бірнеше күнге қыз бейсаналық күйге түсіп, түсініксіз әрекеттер жасайды. Жасаған да. Бұл әрекетке баруының да басты себебі – осы. Оған "өл, өлу керек, өлтір" деген. Ол әр кезде әртүрлі жауап береді. Оның есі кіресілі-шығасылы ғой. Ол сондай елеспен, қандай да бір сыбырлағандардың дауысымен осы әрекетті жүзеге асырып отыр".Сотталушының адвокаты Айнагүл Рүстемова
Сот тағайындаған сараптама нәтижесі қылмыскердің ақыл есі орнында екенін растады. Алайда бұл шешіммен айыпталушы тарап келіспейді. Олар тіпті, "күйеуімен ұрсып қалып, балаларын өлтірді" деген пікірді де жоққа шығарып отыр. Енді сотталушы тарап істі аппелияцияға бермек.
31 жастағы сотталушыға жаза мерзімі тағайындалғанда оның бұрын сотты болмағаны ескерілді. Айта кетсек, жақында кәмелет жасына толмағандарды өлтірген қылмыскерлер 20 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылады деген заң күшіне енген еді. Алайда бұл өзгеріс Түркістандағы жаға ұстатарлық жағдайдан кейін енгізілді. Сондықтан да қос бірдей бүлдіршінді өлтірген Бота Хамитқызына мұндай ауыр жаза берілген жоқ.