Қасым-Жомарт Тоқаев күнделікті қандай газеттерді оқитынын айтты
Сурет: pixabay
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 27 маусымда БАҚ қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде күнделікті оқитын газеттерді тізіп берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент ақпарат – қуатты құрал. Әсіресе, қазіргідей құбылмалы заманда халыққа жан-жақты сарапталған, тексерілген, шынайы ақпаратты ұсыну аса маңызды деп айтты.
Азаматтарды адастыратын ақпаратқа жол беруге болмайды. Сөз бостандығы – елдегі әр бастаманы сынау деген сөз емес. Нағыз ұлт мүддесін көздеген ақпарат құралы елдің береке-бірлігін нығайту үшін қызмет етуі керек.
"Баспасөз – қоғамның бет-бейнесі. Мен күнделікті газет-журналды үнемі қадағалап отырамын. "Egemen Qazaqstan", "Казахстанская правда", "Aiqyn", "Литер", "Turkistan", "Ana tili", "Қазақ әдебиеті" басылымдарын, аймақтарда шығатын газеттерді де үзбей оқимын. Көп мағлұмат аламын, пайдалы ақпарат өте көп. Жалпы, қазіргі таңда газеттерде жарияланып жатқан материалдардың сапасы жоғары, оқуға тартымды деп айтқым келеді. Қоғамның тынысын, зиялы қауымның ой-пікірін біліп отыру өте маңызды деп санаймын." Президент
Ол газет шығару үрдісі мен оны оқу мәдениеті ешқашан үзілмеуі керек деп есептейді.
"Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр". Мемлекет басшысы
Мемлекет басшысы ақпараттың қуатты құрал екенін де атап өтті.
"Біз ұлттық журналистиканың бай шежіресін, тағылымды дәстүрін мақтан тұтамыз. Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ зиялылары баспасөзге түгел атсалысты. Олар бұл салаға ағартушылық сипат берді. Аға буынның осы сара жолын лайықты жалғастыру қажет. Ақпарат құралдары – халықтың үні, ұлттың жаршысы, бұқараның рухани тірегі. Сондықтан журналистердің кәсіби тұрғыдан мықты болуы өте маңызды, бұл, тіпті, шешуші дүние. Журналистеріміздің көбі – жоғары деңгейдегі мамандар, олар елге адал, отаншыл азаматтар. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмән жоқ. Осы миссияны сіздер абыроймен атқарып келесіздер." Қасым-Жомарт Тоқаев
Бұған дейін президент қазақстандық журналистердің кәсіби мерекесіне байланысты сөз сөйлеген болатын.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript