Қызылордада облыс әкімі БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ басшысы журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, билік пен бұқараның арасына алтын көпір болу миссиясын бұлжытпай орындап жүрген қаламгерлерге ізгі лебізін білдірді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы "Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамда құндылықтар жүйесін жаңғыртып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың мән-мағынасы зор. Бұл бағытта еңбекқорлық пен білімпаздықты, адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптейтін масс-медиа өкілдері айрықша рөл атқарады" деп атап өткен болатын. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы жақында ғана "Масс-медиа туралы" Заңға қол қойды. Бұл заңға "Журналистің ерекше мәртебесі" деген ұғым енгізілді", – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Облыс әкімі еліміздегі ең байырғы басылымдардың бірі – "Сыр бойы" ұжымын газеттің жарыққа шыға бастағанына 95 жыл толуымен құттықтады. "Сыр бойы" өткен жылы "Үркер" ұлттық сыйлығын, "Ең үздік өңірлік басылым" номинациясын иеленді. Бүгінде ақпараттық сұраныс талғамының өзгергеніне қарамастан, "Сыр бойы" газеті 23 мыңға жуық тиражбен тарайды. Бұл – еліміздегі облыстық газеттер арасындағы ең озық көрсеткіш.
Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Мұнан бөлек, биыл Жалағаш аудандық "Жалағаш жаршысы" басылымының 90 жылдығы, Шиелі аудандық "Өскен өңір", Сырдария аудандық "Тіршілік тынысы" газеттеріне 85 жыл, Қызылорда қалалық "Ақмешіт апталығы" газетінің жарық көргеніне 30 жыл толуда.
Салтанатты шарада аймақ басшысы ақжолтай жаңалықты бөлісіп, жыл соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған "Жебе" арнайы сыйлығы табысталатынын айтты. Бұл сыйлық үздік мақалалар мен сюжеттерге, ақпараттық материалдарға 7 номинация бойынша дәстүрлі түрде берілетін болады. Әр номинацияға 1 миллион теңге жүлде тағайындалады.
Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Мерекеде аймақтың ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар БАҚ өкілі облыс әкімінің арнайы марапатына ие болып, құрмет төрінен көрінді. Мемлекет басшысының Жарлығымен "Ақмешіт ақшамы" газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожаева "Құрмет" орденімен, "Qyzylorda" телеарнасының бас инженері Бақытжан Шүкенов, "Сыр бойы" газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды. Бірқатар БАҚ қызметкеріне облыс әкімінің, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің марапаттары табысталды. Мұнан бөлек, үздіктерге түрлі номинация берілді. С.Бермағанбетов атындағы жас журналистер байқауының жеңімпаздары да арнайы марапат алды.
Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, бүгіндері Сыр өңірінің медиакеңістігінде 149 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс жасайды. Оның 13-і – мемлекеттік, 135-і – тәуелсіз, 120 газет, 26 интернет-сайт мен ақпараттық агенттік, 3 телеарна облыс, қала, аудан аумағына ақпарат таратады.