Ақтөбе облысында су тасқыны салдарын жоюға 66,2 млрд теңге бөлінді
Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, табиғи апаттың зардабын жоюға, жапа шеккен ақтөбеліктерді жан-жақты қолдауға бағытталған бірқатар іс-шара жүзеге асырылған.
Бүгінгі таңда су басқан 4 мың үйдің үш мыңға жуығы жөнделді. Ал апатты деп танылған үйлердің орнына жаңа 511 баспана бой көтеруде. Облыс басшысы қалған 503 отбасыға пәтерлер сатып алынатынын, ал тұруға жарамды тұрғын үйлер жөнделіп жатқанын алға тартты. Қазіргі уақытта 406 отбасы жаңа қоныстарына көшті.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша жедел жұмыстар басталды. Жергілікті бюджеттен және демеушілік есебінен 66,2 млрд теңге қарастырылды. Тұрғын үйлерден басқа материалдық залал өтемақысын 3,5 мыңға отбасыға өтеу үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, 4,5 мыңға жуық отбасыға 369 мың теңге құрайтын біржолғы төлемдер берілді", - деді Асхат Шахаров өз сөзінде.
Асхат Шахаров мәслихат отырысында әлеуметтік нысандар және инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарына тоқталып өтті. Бүгінгі күнге инфрақұрылымды жобалау, сараптау және салу жөніндегі іс-шараларға 26 млрд теңге бөлінген.
Облыс әкімі тасқын салдарымен күрес жұмыстары әлі де қарқынды түрде жалғаса беретінін тілге тиек етіп, қиын сәтте шыдамдылық танытып, қолдау көрсеткен әрбір тұрғынға алғысын білдірді.