Қазақстан Сингапурмен қызмет саудасы және инвестиция туралы келісімді ратификациялады
Келісімге 2023 жылдың 22 мамырында Астанада қол қойылған.
Келісімнің мақсаты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, қазақстандық қызмет экспорттаушыларының Сингапур нарығына қолжетімділігін қамтамасыз ету, қазақстандық капиталдың қатысуымен кәсіпорындар құру үшін жағдай жасау, сондай-ақ өзара инвестицияларды тарту және қорғау болып табылады.
Парламентте бұрын атап өткендей, бұл келісім Қазақстан үшін қызметтердің еркін саудасы саласындағы алғашқы келісім болды.
Оны ратификациялау нәтижесінде қазақстандық бизнес Сингапур қызметтері нарығына кеңейтілген қолжетімділікке ие болады.
Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстан мен Сингапур арасындағы тауар айналымы 1,8 миллиард долларды құрап, қазақстандық экспорт жалпы көлемнің 94 пайызын құраған.
Келісім шеңберінде Сингапур Қазақстан үшін ДСҰ бойынша қолданыстағы міндеттемелерге қосымша дистрибьюторлық қызметтер, білім беру және қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметтер нарығына қолжетімділікті қосымша ашты.