Олжас Бектенов егін жинау науқанын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды
Жиында ауыл шаруашылығы министрі, экология және табиғи ресурстар, энергетика вице-министрлері, сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдері тыңдалды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 580 млрд теңге көлемінде рекордтық қаражат бөлді. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға бағытталған сома 5 есеге ұлғайтылды. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын кеңейту шаруаларға егіс науқанын сәтті өткізуге мүмкіндік берді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жаппай егін жинау жұмыстары тамыздың үшінші онкүндігінде басталады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 98%-ды құрайды. Барлығы 149 мыңнан астам трактор, 38 мың астық жинайтын комбайн және 14 мың дестелегіш тартылатын болады.
Үкімет басшысы вице-премьер Серік Жұманғариннің басшылығымен тиісті министрліктер, әкімдіктер мен шаруалар арасындағы жұмысты үйлестіру мен бақылау үшін егін жинау науқанын өткізу жөніндегі жедел штаб құруды тапсырды.
"Егінді сапалы жинап алу және сақтау еліміз үшін ерекше маңызға ие. Туындайтын барлық мәселені күнделікті пысықтау қажет. Бұл тек министрліктерге ғана емес, әкімдіктер мен фермерлердің өздеріне де қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын. Дәнді дақылдарды сақтаудың тиісті жағдайын қамтамасыз ету де маңызды", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Шаруаларға күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 64 мың тоннадан астам жеңілдігі бар дизель отыны жөнелтілді. Бекітілген кестеге сәйкес, өңірлерге барлығы нарық бағасынан төмен деңгейде тіркелген баға бойынша шамамен 355 мың тонна жеткізілетін болады. Дизель отынын жеткізуді бақылау және ашықтығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды.
Олжас Бектенов мәселені тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді, қажеттілік туындаған жағдайда – шаруаларға астықты кептіруге дизель отынының қосымша көлемі бөлінеді.
Республикада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды, бұл болжанып отырған егін көлемін сақтауға жеткілікті. Сонымен қатар жекелеген астық қоймаларының жүктемесі әлі күнге жоғары болып отыр.
Премьер-Министр элеваторларды өткен жылғы егін қалдықтарынан 10 қыркүйекке дейін босатуды тапсырды. Облыстардың әкімдіктері Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, элеваторлар қызметі бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуі тиіс.
Өндірілген АӨК өнімдерін, оның ішінде негізгі экспорт нарықтарында өткізуді қамтамасыз етудің маңызы атап өтілді. Сауда және интеграция министрлігі Қытай, Таяу Шығыс, Африка және басқа да елдердегі серіктестермен осы бағыттағы жұмысты жандандыруы қажет.
Анықтама: Қазақстандағы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы ауданы 23,3 млн га құрайды, оның ішінде дәнді дақылдардың ауданы – 16,7 млн га. Егіс алқаптарының құрылымына сәйкес барлық өңірде егін жинау жұмысы басталды. Бүгінгі таңда 928,2 мың га дәнді және бұршақты дақылдар немесе 5,5% жиналды. Орташа өнімділігі 19,3 ц/га болған кезде 1,8 млн тонна астық бастырылды. Сондай-ақ 418,2 мың тонна картоп және 940,3 мың тонна көкөніс жиналды.