BAYTAQ жасылдар партиясының төрағасы АЭС салу туралы үндеу жасады
Азаматхан Әміртаевтың айтуы бойынша, әлемде таза, жасыл энергия көзі — атом энергиясы болып саналады.
Сондай-ақ, ол 2023 жылы Дубай қаласында климаттқа байланысты өткен самитте дамыған елдер бірауыздан 21 ғасырдың энергиясы — атом энергиясы екенін мойындағанын айтты.
"Себебі, климатты тұрақты ұстап қалу мен қоршаған ортаны қорғауды тек атом электр станциясы ғана қамтамасыз ете алады. Оның энергиясы — экологиялық таза энергия",- деп баса айтты BAYTAQ жасылдар партиясының төрағасы.
Оның сөзінше, атом электр станциясы ғылымның жетістігі.
"Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ, Еуропа және өзге де дамыған елдердің бәрі өздеріне осы станцияны салып жатыр. Бір ғана АҚШ-тың өзінде 99 атом станциясы бар. Бұл, оның қауіпсіздігін дәлелдейтін бірден-бір фактор".
Ол, сондай-ақ, аталмыш станция су-су реакторы арқылы жұмыс істейтінін айтты. Осы жөнінде "ҚР Ұлттық ядролық орталығы" РМК бас директоры Эрлан Батырбеков талқылау барысында былай деген болатын.
"АЭС салу үшін бір-бірін сәтті толықтыратын және өзара алмастыратын пассивті және белсенді қауіпсіздік жүйелері бар III және III+ буынының барынша қауіпсіз реакторлары ұсынылуда. Мұның бәрі 8 баллға дейінгі жер сілкінісіне, 56 м/с жылдамдықтағы дауылды желге, су тасқынына төтеп беруге мүмкіндік береді. Тіпті ең ауыр апат болған жағдайда, оның ықтималдығы аз болса да, белсенді аймақта балқыманы оқшаулайтын арнайы тұзақ қарастырылған",- деп атап өтті Эрлан Батырбеков.
Азаматхан Әміртаев елімізде физикаға қызығатын балалардың саны жылдан-жылға өсіп келе жатқандығын, оның бірден-бір дәлелі әлемдік білім додаларындағы оқушылардың жетістігі екенін айтты.
"Болашақ үшін, келер ұрпағымыз, балаларымыз үшін Қазақстанға атом электр станциясын салу қажет",- деп түйіндеді ол.
Бұған дейін Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жария талқылаулар аяқталғаны хабарланған болатын.