Алматыда Бутаковка мен Терренкур өзендерінің арнасы абаттандырылады
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту аясында "Терренкур" аумағын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, онда 20 жылдан астам уақыт жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Тоған абаттандырылып, балалар алаңдары, демалыс аймақтары, йога және спортпен айналысуға арналған орындар жасалады. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл қараша айында аяқталады деп жоспарланған.
Сонымен қатар, қала басшысы "Бутаковка" өзенінің арнасын қайта құру және су қорғау белдеуін абаттандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп жатқанын атап өтті. Жоба арнаны қайта құру және нығайту, жаяу жүргіншілер жолын, демалыс аймағын, жарықтандыруды және мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызуды қамтиды. ЖСҚ әзірлеу және сараптамадан өткізу осы жылдың соңына дейін аяқталады.
Ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында Алматыда аула аумақтарын абаттандыру бойынша 838 млн теңгеге 13 жоба және саябақтар мен скверлерді абаттандыру бойынша 4 жоба жүзеге асырылуда. Барлық жұмыс қазан айында аяқталады.
Сонымен қатар, "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында 34 жобаны іске асыруға 2 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда 3 аула аумағын абаттандыру, 5 автоматты суару жүйесін орнату жұмыстары аяқталды. Биыл қазан айының соңына дейін 17 аула аумағын абаттандыру, 2 автоматты суару жүйесін орнату, сондай-ақ 7 сквер мен спорт алаңында жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр.