Мектеп автобустары мен тегін тамақтану: Алматы әкімдігінде жаңа оқу жылына дайындық туралы айтылды
21 тамыздағы жағдай бойынша 1 сыныпқа 27490 бала қабылданды. Алайда қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады және білім басқармасының болжамынша бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндердің саны 28144 болады.
"Соңғы 3 жылда алғаш рет бірінші сынып оқушылары санының төмендеуі байқалды, өткен жылмен салыстырғанда 4 мың адамға төмендеді. Жалпы, 308519 бала мектеп партасына отырады", — деді Әсем Нүсіпова.
Балаларды мектепке дайындау үшін 1 тамызда жыл сайынғы "Мектепке жол" республикалық акциясы басталды. 55 мың теңге көлемінде 12684 мұқтаж бала қаржылай көмек алды. Естеріңізге сала кетейік, акция халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды қолдауға бағытталған және "Жалпыға бірдей білім беру" қорының, демеушілер мен меценаттардың бюджет қаражаты есебінен өткізіледі.
"Биыл жергілікті бюджеттен "Жалпыға бірдей білім беру қорына" 1,6 млрд теңге бөлінді. Мектеп формасын, спорттық киімдерді және кеңсе тауарларын сатып алуға 697 млн теңге қарастырылған. Демеушілер мен меценаттар жалпы сомасы 275 млн теңгеге 5010 балаға көмек көрсетті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады", — деді әкімнің орынбасары.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылында былтыр 30 мемлекеттік мектепте басталған "Мектеп автобусы" жобасын жүзеге асыру жалғасады.
"2023 жылы 100 автобус сатып алынды, бұл 8 мыңнан астам баланы тасымалдайды. Биыл 6 мыңнан астам баланы қамтитын 23 мектепке тағы 100 автобус сатып алу жоспарлануда. Осылайша, жаңа оқу жылында 14 мыңнан астам баланы 200 автобуспен тасымалдау ұйымдастырылады. Бұған барлығы 2,5 млрд теңге бөлінді", — деді Әсем Нүсіпова.
Бұған қоса, Алматыда дұрыс теңдестірілген тамақтану жобасы қолға алынған.
"Биыл ХӘОТ санатындағы 1-4 сынып балалары мен 5-11 сынып балаларын тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджетте 16,5 млрд теңге қарастырылған. 133 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарланған. Тамақтану құны орта есеппен 840 теңге, бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш", — деді қала әкімінің орынбасары.
Білім басқармасының мәліметінше, Алматыда барлығы 337 мектеп бар, оның 215-і мемлекеттік және 122-сі жекеменшік. Өткен оқу жылында оларда 336486 бала білім алды.