Алаяқтар сыбайластарын қалай табады
stopfake.kz мамандары қылмыскерлер пайызға жұмыс істейтін алаяқтарды қалай табатындығын айтып берді.
Дропперлер – бұл банк картасын алаяқтарға пайдалануға беретін адамдар. Алданған адамдардың ақшасы көбінесе дропперлерге түседі, тек содан кейін ғана "кіріс" қылмыскерлердің қолына түседі.
Әдетте, дропперлер заңды белден басып, алаяқтарға көмектесетіп жүргендерін біледі. Әр аударымнан пайыз алып отырғанда олар еш алаңдамайды. Дегенмен, дроппер қылмыскерлерді жасырып, адамдарды тонауға көмектесіп жүргенін білмейтін де жағдайлар кездеседі. Бұл қалай болады? Толығырақ төменде баяндаймыз.
Қызықты бос жұмыс орындары
Алаяқтар әртүрлі Telegram арналары мен форумдарда жұмысқа қабылдау туралы хабарландырулар жариялайды.
Мәтінде кез келген адам жұмысқа орналаса алатыны жазылады: жұмыс тәжірибесі де, білім де, арнайы дағдылар да қажет емес. Кәмелетке толған және жұмыс берушімен үнемі байланыста болса, жеткілікті. Мұндай хабарландыруларда өте тартымды табыс көрсетіледі, бұл өз кезегінде жұмыс іздегендерді қызықтырады.
Әлеуетті дроппер жұмыс берушілермен байланысқа шыққан соң оған "инвестициялық бағдарламаға қатысасың", "ақша аударымдарымен жұмыс істейсің", т.с.с айтылады.
Бәрі заңды болып көрінуі үшін онымен келісімшарт та жасалуы мүмкін. Осыдан кейін дропперге бірден бірнеше банктен карталар ашылады. Олардың бәрі бірдей дроппердің атында болмайды, кейбір карталар жалған адамдардың атына алынады.Содан соң негізгі "жұмыс" басталады: алаяқтардың айласына түскен адамдар ақшаны дропперлердің карталарына аударады, ал олар оны қолма-қол ақша түрінде қылмыскерлерге өткізеді немесе ізін жасыру үшін басқа дропперлерге аударады.
Ұсталып қалмауға бола ма?
Есіңізде болсын, бірде-бір жұмыс беруші қарапайым іс-әрекет жасағаны үшін білімі мен жұмыс тәжірибесі жоқ адамға қомақты ақша төлемейді.
Егер осындай бірдеңе ұсынылса, сақ болыңыз. Картаңызға бейтаныс адамдардан және негізсіз қандай да бір түсімдер түссе, бұған күмәнмен қарағаныңыз жөн. Бұл туралы отбасы мүшелеріңізбен де сөйлесіңіз, өйткені ақша тапқысы келетін студенттерді немесе заманауи банк жүйесінің құрылымын толық түсінбейтін зейнеткерлерді дропперлікке көбінесе осылай тартады.
Қателесіп ақша аудару
Игі іс жасап та дроппер болып қалуыңыз әбден мүмкін.
Бұл былай болады: картаңызға күтпеген жерден көп ақша түседі. Сіз жіберушіні танымайсыз және мұндай қаржы алатындай себеп те жоқ. Бірер уақыттан кейін біреулер қоңырау шалып, қателесіп ақша аударғанын және оны басқа картаға жіберуіңізді сұрап, нөмірін айтады. Бұл іс-әрекетті орындау арқылы сіз алаяқтық схемаға қатысасыз.
Мұны қалай болдырмауға болады?
Біріншіден, егер белгісіз біреуден аударым жасалса, ол ақшаны жұмсамаңыз. Есіңізде болсын: заң мұны негізсіз баю деп санайды. Бұл үшін ҚР Азаматтық кодексінде жаза қарастырылған.
Екіншіден, егер сізден күтпеген жерден келіп түскен ақшаны басқа шотқа жіберуді сұраса, келіспеңіз. Хабарласқан адамнан көптеген банктің мобильді қосымшаларында болатын "аударымды қайтару туралы өтініш" функциясын пайдалануды немесе тікелей банкке хабарласуын сұраңыз.
Өтіп бара жатқан адамға көмектесу
Шетелдік БАҚ-та да банкоматтардың жанынан дропперлерді тарту әдісі сипатталады. Бұл өте сирек болатынына қарамастан, ол туралы қысқаша айтып өткен жөн деп санаймыз.
Бұл жағдайда алаяқтар банкоматтың жанында тұрған сізге келіп, көмек сұрайды. Олар картаны үйде ұмытып кеткенін немесе оны жоғалтып алғанын айтып, туысы картаңызға ақша аударып, оны шешіп беруіңізді сұрайды.
Мұндайға ешқашан келіспеңіз. Қылмыс жасап, сыбайлас атанғанша, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамға дөрекі болып көрінгеніңіз артық.
Мамандардың айтуынша, кездейсоқ дроппер болып шықсаңыз және алаяқтық схемаға қатысқаныңызды білмесеңіз де, бұл сізді жауапкершіліктен босатпайды. Қазақстанда дропперлерді сот жазалаған жағдайлар болды.
26 тамызда Астанада полиция тұрғынды сан соқтырған интернет-алаяқты ұстады.