Тоқаев: Соңғы бес жылда жоғары жетістіктер спортына шығын екі есе өскен, бірақ соған лайық нәтиже жоқ
"Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында олқылық көп әрі өзара үйлесімді жұмыс жоқ деп санаймын. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды!" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Прездент бүгінде әр өңір қандай спортты қолдайтыны туралы шешімді өз бетінше қабылдайтынын сынға алды. Үкіметке жағдайды бақылауға алып, спортқа қатысты мекемелердің барлық деңгейіндегі басқару вертикалін қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар еліміздің спорт қауымдастығы мен шетелдерде Ұлттық олимпиада комитетінің беделін көтеру туралы міндет жүктеді.
Мемлекет басшысы ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше мән беріліп жатқанына назар аударып, елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мән-маңызына тоқталды.
"Бұл сайыс арқылы біз, ең алдымен, төл өркениетіміздің тамыры терең тарихын жер-жаһанға паш етеміз. Сондай-ақ дүбірлі дода түрлі елдердің достығын нығайтатын маңызды қадам болмақ. Көшпенділер ойындары экологияны сақтау, Қазақстанды жасыл елге айналдыру және абаттандыру тақырыбын көтеруге жақсы мүмкіндік береді. Олимпиада кезінде түбі бір түркі жұрты өзара тілектестік пен жанашырлықтың шынайы үлгісін көрсетті. Спортшылар да, жанкүйерлер де көрші елдердің әрбір жеңісіне шын жүректен қуанды. Бір-біріне қолдау білдіріп, қажет болса көмектерін де аяған жоқ. Тіпті, балуандарымыз жеңіс тұғырына туған бауырлар сияқты бірге көтерілді. Халықтар арасындағы риясыз достық дегеніміз – осы! Бұл – шын мәнінде, баға жетпес байлық. Біз барлық салада бір-бірімізге тілектеспіз. Көшпенділер ойындары бауырлас елдердің осындай мызғымас бірлігін бекемдей түспек. Сондықтан оны жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, біз үшін бұқаралық спортқа жүйелі қолдау көрсету, жан-жақты дамыған, салауатты ұлт қалыптастыру маңызды екенін еске салды
"Біз осы мақсатта денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім, ғылым, мәдениет және спорт салаларында ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Сондықтан қалайда медаль алу – біздің жол емес. Бұған дейін жалған атақтың жетегіне еріп, түрлі қитұрқы әрекеттер жасалғаны бәрімізге мәлім. Соның нәтижесінде көптеген спортшы денсаулығынан айырылды. Олар спорттан біржолата кетті. Еліміздің абырой-беделіне нұқсан келді. Қазақстанға бір сәттік, алдамшы жетістіктер керек емес. Жұрттың біз туралы не ойлайтынына алаңдамай, төл болмыс-бітімімізді сақтауымыз керек. Жан-жағымызға жалтақтамай, алға қарай батыл әрі жүйелі қадам басуымыз қажет. Кез келген нәрсеге бола салымыз суға кетіп, күңіре бергеннен, күйзеліске түскеннен пайда жоқ. Бұл жөнінде мен бұған дейін де айтқан едім. Біздің мақсатымыз – баршаға айқын. Бұл – озық ел болу. Сондықтан біз бір ел, бір халық болып, тек алға қарай жүруіміз керек. Олимпиаданың ең басты құндылығы – медаль ғана емес. Жаһандық бәсеке кезінде тұтас еліміз өзара тілектес, ниеттес болды. Ең басты құндылық – осы", – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты жиында Олимпиада чемпионы, дзюдошы Елдос Сметов, байрақты бәсекенің қола жүлдегерлері, мерген Александра Ле мен боксшы Назым Қызайбай сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.