Алматыдағы элиталы мейрамхана қызметкерлері еңбекақыларын ала алмай жүр
КТК ақпаратынша, элиталы дәмханалар желісі жұмысын тамыз айында тоқтатқанымен, қызметкерлерге еңбекақысын төлемеген.
Ашуға булыққан даяшылар басшылықтан қайыр болмайтынын түсініп, енді құзырлы органдарға арыз жазуға бел буып отыр.
Біраз жылдан бері мүлткісіз еңбек еткендердің айтуынша, дәмхана иесі бұған дейін жалақысын кешіктіріп беріп, ақыр соңында миллиондаған еңбекақысын бермей кеткен. Тіпті байланысқа да шықпайды екен.
"Еңбек министрлігіне бардық, ешқандай жауап болған жоқ. Топта отыр, оқиды, жауап бермейді. Қазір талап етіп отырғанымыз — ақшамызды берсін! Осыншама адам не үшін ашуланып жүрміз? Ол кісінің бір сөмкесінің өзі мына тұрған 65 адамның жалақысы".Шынар Тымақбаева
Мейрамханадан тыс кез келген шақыртуға барып, банкет ұйымдастыратын Халида Дәулетбаева да жалақысын ала алмай жүр. Ол тіпті өз атына несие алып, даяшылар мен аспаздардың жалақысын төлеп берген екен.
"Осы жылдың мамыр айынан бастап мен өткізген банкеттер мейрамханаға толық төлем жасаған. Ол сомаға даяршылардың, аспаздардың, ыдыс жуушылар мен басқа да жалданатын қызметкерлердің ақысы кіреді. Бірақ маған мейрамханадан ешқандай аударылым жасалмады. Сондықтан мен қызметкерлердің еңбекақысын төлеу үшін несие алуыма тура келді. Өйткені олардың өздерінің қарызы, асырап отырған бала-шағасы бар. Қазір маған мейрамхана иесі 2 миллион 93 мың теңге қарыз."Халида Дәулетбаева
Осылайша басы дауға қалған элиталы мейрамхана желісінің иесі Ольга Әбдіғаппарова қызметкерлерге қарыз екенін мойындап отыр. Бизнес-ледидің айтуынша, бірнеше ғимаратты жалға беріп отырғандар кенеттен келісімшартты бұзған. Сондықтан әйел қазір шарасыз күйге түсіп, қаржы іздестіріп жүр екен.
"Мейрамханалардың ішіндегі құрал-жабдықты алған бойда қызметкерлердің жалақысын төлеп беремін. Бұл — бірінші мәселе. Екінші — қазір нақты қанша адамға қарыз екенімді айта алмаймын. Мен Алматыға келіп, құжаттарды өз қолыма алып, мәселені жан-жақты қарастыруым керек".Ольга Әбдіғаппарова, Parmigiano Group компаниясының директоры
Қазір қалада қымбат мейрамханалар желісіне кіретін дәмханалардың төртеуі жұмысын тоқтатқан. Десе де осы желіге қарасты тағы екі дәмхана келушілерді қабылдап, кәсібін дөңгелетіп отырған көрінеді. Ал қарапайым жұмысшылардың бірнеше айдың жалақысын қашан алатыны әзірге белгісіз. Табысын күтуден шаршағандар енді құзырлы органдарға шағымданбақшы.