Алматыдағы Қазақстан – Словения матчы: жанкүйерлер үшін маңызды ақпарат
Алматының Спорт басқармасы футболсүйер қауымды билетті алдын ала Қазақстан футбол федерациясының ресми серіктесі Ticketon қызметінен сатып алуға және дүрлігіп, ығы-жығы болмас үшін Орталық стадионға ертерек келуге шақырады. Билет стадион кассасында сатылмайды. Делдалдардан билет сатып алмаңыз. Орталық стадионға сағат 16:00-ден бастап кіруге болады.
Көрермендер үшін матч алдындағы қызықты бағдарлама дайындалған.
Өткізу жүйесін жақсарту үшін билетке адамның аты-жөні жазылады. Стадионға билетте жазылған адам жеке басын куәландыратын құжатын (жеке куәлік, төлқұжат, жүргізуші куәлігі) көрсеткен соң кіргізіледі.
Жолаушылар легінің артуына байланысты қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін Орталық стадион арқылы өтетін №34, 92, 118, 120, 120а, 79, 121 автобустарының бағыты күшейтіледі.
Сондай-ақ, қосымша 8 автобус бөлініп, тегін экспресс-маршруттар ұйымдастырылады:
* "Шұғыла-City ТҮК аялдамасы – Орталық стадион";
* "Halyk Arena аялдамасы – Орталық стадион";
* "Алатау театры аялдамасы – Орталық стадион";
* "Алматы-1 теміржол вокзалы аялдамасы – Орталық стадион".
Автобустар сағат 16:00-де жүріп, 20:30-да кері қайтады. Орталық стадионнан шығатын автобустар Абай даңғылы мен Сәтбаев көшесінің арасындағы Байтұрсынов көшесінің бойындағы тұрақта тұрады.
Сонымен қатар, жедел маршруттардың жиналу орындары 2GIS сервисінде жазылады.