Ақтөбеде бес адамның өліміне кінәлі жүргізуші бес жылға сотталды
КТК телеарнасының хабарлауынша, соттағы соңғы сөзінде Ілияс Қыдыров жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Оны жәбірленуші деп танылған туыстары да құптады, бірақ "қылмысты әдейі жасамаса да, жол ережесін өрескел бұзғаны бас бостандығынан айыруға себеп болды" деді судья.
Үкімді тыңдауға тәртіп сақшылары шақырылды. Себебі жақындарынан айырылған сотталушы бұрын ішкі істер органдарында жұмыс істеген. Өзге әріптестеріне де сабақ болсын деген ниетпен, сотқа полицейлер де шақырылыпты.
Еске салайық, қайғылы оқиға осыдан бір жарым ай бұрын болған. "Фольксваген" көлігін тізгіндеген 28 жастағы жүргізуші Қобда ауданындағы Әлия ауылының маңында жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, жүк көлігіне соғылған. Көлікте жүргізушінің анасы мен өгей әкесі, ағасының екі баласы мен туған бауыры болыпты. Олар оқиға орнында көз жұмды.