Шымкентте темір торға 24 телефонды өткізбек болған күдікті анықталды
10 қазан күні сағат түскі 14:00 шамасында қызметін қырағы атқарып тұрған екінші атқыштар ротасының көлікті бақылап тексеру пунктінің кезекшісі ефрейтор Нұрғали Ислямов, қарауыл бастығының кинологиялық қызмет бойынша көмекшісі ефрейтор Нұрсұлтан Кермаш және сақшы сарбаздар қатардағы Архат Сламжанов пен Думан Әбдісаттаров №53 мекеме қызметкерлерімен бірлесіп бақылау-өткізу пунктіне құрылыс материалдарын алып келген ГАЗель автокөлігін арнайы құралмен тексере бастайды. Оның әкелген ағаш және фанер тақталары жәй ағаш болмай шықты. Тақтайлардың арасына күдікті заттар жасырылған екен. Бұны сақшылар бірден байқап, тиісті адамдарға хабар берді.
Көліктегі күдік тудырған заттардың арасында 24 телефон, 7 SIM-карта, 4 Airpods құлаққабы, 4 сымды құлаққап және 7 қуаттағыш құрылғы табылды.
Күдікті тыйым салынған заттарды ағаш материалдардың арасына мұқият жасырыпты. Алайда қырағы көз қызметкерлер мұның өзін мүлт жібермей, дер кезінде анықтаған.
Аталған факті бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп, көлік жүргізушіні заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қарастырылып жатыр.