"Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағының алғашқы иегерлері туралы не белгілі
24 маусымда Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтай отырып, олардың жоғары құрметке лайық екенін атап өтті.
"Біз өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңізді қашанда жоғары бағалаймыз.Сондай-ақ елімізде тұңғыш рет "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" атағы белгіленді. Бұл марапат халыққа қалтқысыз қызмет еткен нағыз майталман мамандарға беріледі",- деді президент медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтау сөзінде.
Осыған байланысты, бүгін, 23 қазанда Денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне алғаш рет "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағы берілетіндігі белгілі болды.
"Сонымен қатар биылдан бастап құрметті атақтар қатарына "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" атағы қосылды. "Ұлттық ғылыми медициналық орталығы" акционерлік қоғамының бас директоры А.Байгенжин, "Ұлттық ғылыми онкология орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гематология орталығының басшысы В.Кемайкин және Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері Б.Цхай жаңа құрметті атақтың алғашқы иегерлері атанды",- делінген Ақорда мәліметінде.
Абай Байгенжин — қазақстандық әлемге танымал жоғарғы санаттағы дәрігер. Қазақстан Ұлттық ғылыми медицина орталығының президенті. Қазақстан Паразитология инистиутының директоры.
Ол 1947 жылы Көкшетау облысында дүниеге келген. 1970 жылы Алматы мемлекеттік медицина инистиутынның "емдеу ісі" мамандығы бойынша бітірген. Институтты аяқтағаннан кейін ол КСРО Қарулы Күштерінде әскери дәрігер ретінде қызмет етті, содан кейін Орталық туберкулез ғылыми-зерттеу институтында (Мәскеу) клиникалық резидентурада оқыды. Кейіннен Денсаулық сақтау жүйесінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді:
1978 – 1983 жылдары Алматы қалалық жедел медициналық көмек клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары; 1983 — 1988 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы 4-ші Бас басқармасы "Алатау" санаторийі бас дәрігері;
1988 – 1993 жылдары Алматы аймақтық диагностикалық орталықтың директоры; 1993 – 1997 жылдары Мемлекеттік аэрокосмос компаниясының вице-президенті;
1997 – 1998 жылдары Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы ОМС қоры бас директорының орынбасары; 1999 – 2003 жылдары Астана қаласындағы республикалық клиникалық аурухананың директоры; 2004 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін "Ұлттық ғылыми медициналық орталығы" АҚ (ҰҒМО) Бас директоры.
Бұған дейін ол медицина ғылымдарының докторы, ҚР құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау саласының үздігі атағына ие.
Вадим Кемайкин — жоғары білікті санаттағы гематолог, медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс басты гематолог, онкематологы. Жұмыс өтілі 30 жылдан асады. Ресей, Беларусь, Украина, Жапония клиникаларында біліктілігін арттырды.
"Денсаулық сақтау ісінің үздігі", "Денсаулық сақтауды дамытуға қосқан үлесі үшін" төсбелгілерімен, сондай-ақ "ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерейтойлық медалімен, "халық алғысы" медалімен марапатталған.
Оның басшылығымен және тікелей қатысуымен "Республикалық жедел медициналық көмек ғылыми орталығы" АҚ-да гематология бөлімі ашылды (қазіргі уақытта "ҰҒОО" ЖШС) және алғашқы аутологиялық, аллогенді, гаплоидтық сүйек кемігін трансплантациялау жасалды.
Борис Цхай-жоғары санатты хирург, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тәуелсіз аккредиттелген сарапшысы, халықаралық гепатопанкреатобилиарлы хирургтар қауымдастығының, халықаралық хирургтар қауымдастығының толық мүшесі.
Директордың хирургия жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді, медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие.
Еңбек жолын 1989 жылдан бастады. Теміртау қаласындағы Қарметкомбинаттың медициналық санитарлық бөлімінде хирург-дәрігер лауазымында жұмыс істеді. 1991 жылдан — ҚММИ факультеттік хирургия кафедрасының ассистенті лауазымында. 1997 жылдан – №4 қалалық ауруханада хирургия бөлімшесінің меңгерушісі лауазымында. 2006 жылдан бастап – ОКБ КМҚК-да хирургия бойынша ОКБ директорының орынбасары лауазымында. Сондай-ақ, хирургия және урология бойынша үйлестіру орталығының басшысы.
90 ғылыми еңбектің, екі монографияның және алты өнертабыстың авторы.
Қазақстан Республикасының "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағы медицина қызметкерлеріне денсаулық сақтау саласындағы ерекше жетістігі мен ерең еңбегі үшін беріледі. "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағына ие болған медицина қызметкерлері"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген мөлшерде біржолғы төлем алады.
Бұған дейін Президенттің Республика күні қарсаңында ғалымдарды, құтқарушыларды және өндіріс қызметкерлерін марапаттағаны хабарланған болатын.