Атырау облысында жантүршігерлік жол апатынан төрт адам қаза тапты
26 қазан күні Атырау облысы полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Атырау - Орал тасжолында 04:00 шамасында Ресейде тіркелген Daewoo Nexia автокөлігін тоқтатып, жол жүрісі ережесінің талаптарын бұзғаны үшін жүргізушісіне хаттама толтырған және түнгі уақытта сақтық шараларына мұқият болуы керегін ескерткен.
Полицияның хабарлауынша, ескертулерге қарамастан таңғы сағат 06:00 шамасында Атырау - Орал тасжолында Daewoo Nexia автокөлігінің 38 жастағы жүргізушісі басқару жүйесін игере алмай қарама-қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан Daewoo Nexia көлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы оқиға орнында көз жұмды, көлік толықтай отқа оранды.
Қазіргі уақытта атағалған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Құрметті жол қозғалысының қатысушылары! Жол қателіктерді кешірмейді! Өзіңіздің және өзгелердің денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмей, алыс сапарларға түнгі мезгілде шықпауларыңызды және шаршаңқы күйде көлік басқармауларыңызды сұраймыз! Жол қозғалысы ережелерін сақтаңыздар!", - деп ескертті ведомство.