Қазақстан мен Солтүстік Македония Республикасының Президенттері виза режимін оңтайландыру мәселесін талқылады
Мемлекет басшысы Солтүстік Македонияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктесі ретінде атап өтіп, басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Гордана Силяновска-Давкова екіжақты байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, өзара ықпалдастықты жандандыруға мүмкіндік мол екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Солтүстік Македония Президенті Қазақстанның Орта держава ретінде халықаралық аренадағы рөліне жоғары баға берді.
Әңгімелесу барысында сауда-экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастық аясын кеңейту перспективасына, екі ел азаматтары үшін виза режимін оңтайландыру мәселесіне айрықша мән берілді. Тараптар Қазақстан мен Солтүстік Македонияның іскерлік топтары арасындағы қарым-қатынасты дамыту жөнінде уағдаласты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Гордана Силяновска-Давкованы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Бұған дейін Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан президенттері маңызды стратегиялық келісімге қол қойғандығы хабарланған болатын. Артынша, Мемлекет басшысының Грекия Премьер-министрі Кириакос Мицотакиспен кездесу өткізгені белгілі болды.