Қостанай облысында адам өлімімен аяқталған жол апатынан кейін ТБС иесі жауапқа тартылды
Қостанай облысында 2024 жылдың тамыз айында қайғылы жол-көлік оқиғасы тіркелді. Mercedes-Benz автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып, зардап шеккен адам оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші апатты болдырмау үшін шұғыл тоқтауға тырысқанын айтқанымен, тежегіштің іздері оқиға орнынан табылмады.
Тергеу барысында көліктің тежегіш жүйесінде айтарлықтай ақау болғаны анықталды: дөңгелектерінің бірінде тежегіш дискісі жоқ болып шықты. Бұл тежеу тиімділігін күрт төмендеткен.
Айта кетерлігі, апатқа дейін бес күн бұрын бұл көлік міндетті техникалық байқаудан өткен. Көліктің тежегіш жүйесіндегі анық ақауларға қарамастан, оған жарамды деген рұқсат берілген.
Осыған байланысты жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот оны екі жылға бас бостандығынан және бес жылға жүргізуші куәлігінен айыру туралы шешім шығарды. Сонымен қатар техникалық байқауды жүргізген кәсіпкер де жауапқа тартылды.