Тоқаев Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын 80 жылдық мерейтойымен құттықтады
Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Еліміздегі музыка саласының мамандарын даярлайтын білім ордасы өз мерейтойын атап өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымына құттықтау хат жолдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Хатты Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.
"Бұл – еліміздің рухани өміріндегі мерейлі белес. Іргелі білім ордасы осы кезеңде төл мәдениетіміздің алтын діңгегіне айналды. Ұлттық музыкамыздың бірегей дәстүрі бар ұстаханасы ретінде танылды. Қазақтың ән-күй өнерін жаңа деңгейге көтеріп, оның ғылыми негізін қалыптастырды. Консерватория – дарынды жастарға классикалық музыканың қыр-сырын үйретіп, кәсіби музыканттар даярлайтын алғашқы жоғары оқу орны. Өркениетіміздің өрісін кеңейтіп, оны жер жүзіне танытқан көптеген майталман мамандарымыз осы қара шаңырақтан қанат қақты. Аға буын салған сара жолды кейінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді. Олар еліміздің шығармашылық ұйымдарында табысты еңбек етіп жүр. Осы орайда, ұлттық өнерімізді жан-жақты дәріптеп, руханиятымызды дамытуға зор үлес қосқаны үшін консерватория ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға шығармашылық шабыт тілеймін! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!" - делінген Президенттің хатында.
Салтанатты іс-шараға еліміздің мәдени қазынасына өлшеусіз үлес қосқан өнер майталмандары қатысты.
Олардың қатарында Әлібек Дінішев, Жәмиля Баспақова, Роза Рымбаева, Үмітжан Жұмақова, Марьям Қожамқұлова, Алмас Алматов, Серік Еркімбеков, Карима Сахарбаева, Дүйсен Қасейінов, Алтынбек Қоразбаев және басқа да өнер қайраткерлері бар.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript