Астанада қазақ газеттерін замана талабына бейімдеу мәселесі талқыланды
Талқыға жиналғандар "Егемен Қазақстан" газетінің құрылғанына 105 жыл толуына орай өткен форумда өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты. Форумда мерзімді басылымдардың оқырман санын көбейту жолдары талқыланды. "Егемен Қазақстан" газетінің бас редакторы жаңа технологиялардың арқасында халықаралық деңгейге шығып, елдің басты басылымына шетелдіктердің қызығушылығы артқанын айтады. Қазір газеттің электронды нұсқасын АҚШ, Нидерланды, Бразилияда оқиды, деп хабарлайды 24KZ.
"Қазір газет сараптамалық бағытқа көшті. Енді сайтпен, әлеуметтік желімен, телевидениемен ақпаратты беру жағынан бәсекелестікке түсу мүмкін емес. Өйткені оперативтілік солар жағында. Ал қазіргі таңда газет танымдық дүние тұрғысынан, сараптамалық тұрғысынан өзінің осы бағыттағы мақсатын жүзеге асырып келеді". Ғабит Мүсіреп, Egemen Qazaqstan газетінің бас редакторы
Ал баспадан 80 мың тиражбен шығатын газет бетіне бір мезетте 80-нен астам материал жарияланады. Жалпы басылымда 90 адам жұмыс істейді. Мамандар бұл көрсеткіштерді жақсарту үшін әлі де тың әдістерді қолдану керегін айтады.
"Оқырманға тиімді жеткізудің жолын іздеу керек. Біздің енді тиімді жеткізу – жолымыз тек қана мақала емес, қысқа-нұсқа, бірақ инфографика арқылы жеткізу. Содан кейін дата журналистика дейді. Сол дата журналистиканың элементтерін қолдану. Содан кейін көбінесе тек қана журналистер емес, әр түрлі саланың мамандарына арнайы колонка жазғызу деген мәселе бар".Қамбар Ахметов, "Қазақ газеттері" ЖШС бас директорының орынбасары
Сонымен қатар кадр мәселесі де өзекті. Сондықтан мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында шетелге оқуға жіберу практикасын да тиімді қолдану керегі айтылды. Себебі газет бетіне жарияланған әр мақала талғамы биік оқырмандардың үдесінен шығуы тиіс.