Астанада жүргізуші үй иесінің әшекейлерін қолды қылған
30 жастағы ер азаматтың бір отбасының жүргізушісі болып жұмысқа тұрғаны белгілі болды. Күдікті бірнеше ай бойы сол отбасының кішкентай баласын сабаққа апарып жүреді.
Отбасы жүргізушіге сеніп, оған бір үйде тұруды ұсынады. Кейін отбасының барлық мүшесі ауруханаға түседі. Үйде жалғыз қалған ер азамат ерлі-зайыптының жатын бөлмесіне кіріп, әйелдің әшекей бұйымдарын қолды қылған.
Ауруханадан шыққаннан кейін үйлеріне келіп, үй-іші шашылып, кейбір заттарының жоқ екенін байқаған үй иесі дереу полиция қызметкерлеріне хабарласады. Әйел адам тәртіп сақшыларына үйіне сол жүргізушіден басқа ешкім келмегенін айтады.
Күдікті ұрланған 2 бриллиант жинағын, алтын сақина, сырға, кулон және алқаны ломбардқа тапсырып үлгерген. Есіл ауданы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері келіп түскен арыз бойынша, күдікті тұлғаны ұстады.
Қылмыскер өз кінәсін мойындады.