Тоқаев Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың жолаушыларын құтқаруға көмектескендерді марапаттады
Олардың арасында ТЖМ өкілдері, медицина мамандары, полицейлер, "Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы" акционерлік қоғамының жұмысшылары және Ақтау әуежайының қызметкерлері бар.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Маңғыстау облысы полиция департаментінің криминалисі Айбек Әлібаев Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі "Айбын", Маңғыстау облысы ТЖД Басқұдық ауылы №12 өрт сөндіру бөлімінің командирі Серікболат Оңғар Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі "Айбын" ордендерімен, Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының орталық меңгерушісі Бақытжан Қойбеков пен Ақтау халықаралық әуежайы медициналық бекетінің меңгерушісі Ирина Кочергина "Құрмет" ордендерімен марапатталды.
"Ерлігі үшін" медалімен Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының фельдшері Тимур Қисаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығының Маңғыстау облысы бойынша филиалының дәрігері Оспан Оразбеков, "Қазаэронавигация" РМК Ақтау филиалындағы "Вышка" диспетчерлік бекетінің диспетчері Ярослав Толстиков, "Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы" акционерлік қоғамы Ақтау электр желілер ауданының шебері Нұралы Шопанов марапатталды.
Ақтау халықаралық әуежайының қызмет бастығының орынбасары Бекболат Жұмағұлов, ҚР Әділет министрлігі "Сот сараптамалары орталығы" Маңғыстау облысы бойынша филиалының маманы Эльдар Оразалиев "Ерен еңбегі үшін" медальдарының иегері атанды.
Сонымен қатар 51 адамға Президенттің Алғысы жарияланды.