Фотосуретшінің объективіндегі жаңа жылдық Алматы
Жаңа жыл қарсаңында Алматы ерекше безендірілді. Әуежайдан бастап орталық алаңдарға дейін қала толығымен мерекелік кейіпке енді. Қалада 300-ге жуық жарқыраған құрылым орнатылды, олардың арасында ертегі кейіпкерлері мен мерекелік әшекейлер бейнеленген. Сонымен қатар, былтыр жөндеуден өткен 120 шағын сәулет нысандары қайта пайдаланылды. Магистраль бойындағы ағаштар жарықдиодты шамдар мен гирляндалармен безендірілген. Жалпы, қала бойынша 1500 жарық элементі орнатылды, оның ішінде 350-і – қалпына келтірілген өткен жылғы кронштейн.
Сурет: Дмитрий Доценко
Айта кету керек, Абай алаңында биіктігі 25 метр болатын мегаполистің басты жаңа жылдық шыршасы орнатылды. Биылғы жылы шырша алғаш рет қаңқалы емес, табиғи діңді классикалық стильде жасалды. Оны безендіру үшін алты шақырым гирлянда, түрлі-түсті шарлар және шырша ойыншықтары қолданылды.
Сурет: Дмитрий Доценко
Сонымен қатар, Абай алаңында 5 қаңтарға дейін жұмыс істейтін жаңа жылдық жәрмеңке ұйымдастырылды. Мұнда кәдесыйлар, қолөнершілердің бұйымдары және мерекелік әшекейлерді табуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматыда эстрада жұлдыздарының қатысуымен 3 ауқымды концерт өтеді: Абай алаңында сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін Бүркіт, Ақбота-Нұр, Ғазизхан Шекербек, Диана Исмаил, Кенжебек Жанәбілов және басқа да артистердің қатысуымен концерт өтеді.
Сурет: Дмитрий Доценко
Сондай-ақ, "Нұрлы Тау" бизнес орталығының алдында сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін жастар концерті ұйымдастырылады. Онда DJ Slim, Altair&ABBi, 2RAR, Dakelot және "Аll Давай" бойз-бендінің солисті әрі продюсері Шоқан Маратұлы өнер көрсетеді.
Астана алаңында жаңа жылдық концерт сағат 21:00-де басталып, 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін жалғасады. Сағат түнгі 00:00-де мерекелік отшашу ұйымдастырылады.
Сурет: Дмитрий Доценко
Жаңа 2025 жылды тойлау құрметіне ҚБТУ ғимаратының алдында Ерсейіт Әлиев, Елбол Қуанбек, Ұлжан Ағлақова, Chingiz Typhoon, Makvin, Орынхан, 6ellucci, Мархаба Сәби, Moldanazar және RaiM өнер көрсетеді.