Еліміздің мектептері мен колледждерінде "111" байланыс орталығының QR-кодтары іске қосылды: ол не үшін қажет
Ведомство бұл орталық отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауда құқықтық, ұйымдастырушылық және психологиялық көмек көрсететіндігін нақтылады.
"Енді "111" нөміріне қоңырау шалу мүмкіндігінен басқа, балалар мен олардың ата-аналары QR-кодтар арқылы сұрау жібере алады. Олар барлық білім беру ұйымдарында, балалар үшін қолжетімді орындарда, сондай-ақ автобус аялдамаларында орналасқан. Аталған жаңалық көмек алудың қолайлылығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған",- делінген таратылған ақпаратта.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанованың айтуынша, бұрын балалар байланыс орталығына тек телефон арқылы ғана хабарласа алатын, ал енді олардың QR-кодтар арқылы сұрау жіберу мүмкіндігі бар.
"Бұл қолдауға жүгіну процесін айтарлықтай жеңілдетеді, оны неғұрлым ыңғайлы және қолжетімді етеді. QR-кодтар қажетті ақпарат пен көмекті жылдам және анонимді алуға мүмкіндік береді, бұл балалардың сауалдары мен мәселелеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді".Насымжан Оспанова
2024 жылдың қорытындысы бойынша "111" байланыс орталығына балалардан 1000-ға жуық өтініш келіп түсті. Оларға анықтамалық ақпарат беріліп, психологиялық қолдау көрсетіліп, мемлекеттік органдармен ынтымақтастықта уақытылы көмек ұйымдастырылды.
"2024 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысы қабылдаған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң аясында "111" байланыс орталығының қызметі бекітілген болатын",- деп еске салды ведомство.
Бұған дейін Ақтөбелік келіншектің перзентханада жаңа туған нәрестесін сатқандығы хабарланған болатын.