Астанадағы жекеменшік мектептердің бірінде алты жасар қыз сабақ кезінде бетін жарақаттап алды
Сурет: Zakon.kz
Астанадағы жекеменшік мектеп алты жасар баланың жарақаты үшін өтемақы төлейтін болды. Іс кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.
2024 жылғы қыркүйекте бала ЖШС-да білім алу кезінде бетінен жарақат алған. Оқиғадан кейін ата-анасы өз бетінше ауруханаға жүгініп, бала шұғыл емделуге жатқызылған.
Талап қоюшы, баланың ата-анасы білім беру ұйымынан материалдық шығынды өндіруді және моральдық зиянды өтеуді талап етіп, елорданың ювеналды сотына талап қоюмен жүгінді.
Сотта жауапкердің өкілі жарақатты абайсызда ойнап жүріп, сөрелерден құлау салдарынан алғанын түсіндірді.
"Сот, мектеп қызметкерлері баланың оқуы мен тәрбиесі кезінде оның қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегенін, соның салдарынан жарақат алғанын және кейінгі асқынулар пайда болғанын анықтады. Ата-анасы баланы емдеуге, оның ішінде дәрі-дәрмек сатып алуға және ақылы емхананың стационарында болу ақысын төлеуге арналған қаржылық шығындарды көтерген. Сонымен қатар сот денсаулығына және жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына әкеліп соққан жарақатына байланысты, жауапкер балаға моральдық зиян келтірген деп таныды", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Келтірілген дәлелдемелерді ескере отырып, сот жауапкерді келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеуге міндеттеп, талап қоюды қанағаттандырды.
Шешім заңды күшіне енді.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript