"Семей орманы" резерватындағы өрт: Бас прокуратура барлық қылмыстық істер бойынша соңғы нүктені қойды
Бас прокуратураның арнайы прокурорлары "Семей орманы" өртіне қатысты барлық қылмыстық істің соңғы нүктесін қойғандығы жайлы 2025 жылғы 22 қаңтардағы ведомствоның мәлімдемесінен белгілі болды.
Осылайша, Резерваттың Бас директорының міндетін атқарушы мен Новошулбинск филиалының директорына қатысты қылмыстық іс сотқа жіберіліп, оның шешімімен фигуранттар 2024 жылғы мамырда абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК-нің 292-бабы 3-бөлігі), әрқайсысына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
2024 жылғы тамызда Абай облыстық апелляциялық соты үкімді өзгеріссіз, сондай-ақ сотталғандардың, адвокаттардың және қорғаушылардың шағымдарын қанағаттандырусыз қалдырды.
2024 жылғы қазанда келесі қылмыстық іс бойынша Семей қаласының №2 соты Резерваттың ақпараттық технологиялар және байланыс бөлімінің бастығын абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық фактісі (ҚК-нің 371-бабы 2-бөлігі) бойынша мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында 3 жыл мерзімге лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, 2 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.
Сондай-ақ былтырғы жылғы қазанда Бородулиха аудандық сотының шешімімен "Қазақ ормандарды авиациялық қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасы" РМҚК бас директорының міндетін атқарушысына қатысты шешім шығарды, сондай-ақ мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында 2 жыл мерзімге лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, ҚК-нің 371-бабы 2-бөлігімен 2 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.
"Осылайша, барлық кінәлі жазаның әртүрлі мерзімдеріне сотталды",- делінген ақпаратта.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ұсынуы бойынша Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің 10 қызметкері де түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
"Қадағалау ведомствосы орман және қоршаған ортаны қорғау ұйымдарының қызметкерлерін әлеуметтік қорғау деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізді",- деп қорытындылады ведомство.
Еске салсақ, 2023 жылы 8 маусымда "Семей орманы" резерватында ірі орман өрті болды. 9 маусымға қарай өрт алаңы 30 мың гектарға дейін ұлғайып, орманшылықтың үш қызметкері қаза тапты. 14 адамның өмірін қиған өрт бір айдан астам уақыттан кейін сөндірілді. Орман өрті кезінде адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстанда 12 маусым жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.