Алматының Алмалы ауданындағы 6 мыңнан астам тұрғын орталық коммуникацияларға қосылады
Екі жобаның бірі 2024 жылы басталып, осы жылы аяқталады. Жоба аясында ауданның 19 көшесінде 15 шақырым инженерлік желілер төселіп, қайта жөндеуден өтеді. Оның ішінде 6 көшеде жұмыс аяқталды. Екі жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 6,8 мың тұтынушы орталық инженерлік желілермен қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, 2024 жылы Алмалы ауданында Индустриальная, Циолковский, Волховская және басқа да 12 көшеде су құбыры желілерін салу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бүгінде осы көшелердің тұрғындары орталық сумен жабдықтау және су бұру жүйесімен қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ, Төле би көшесі мен Волховская көшесінің қиылысындағы су құбырын қамтамасыз ететін сорғы станциясы қайта жөнделіп, күрделі жөндеуден өтті. Бұған дейін станция апатты жағдайда болып, оның жабдықтары 1992 жылдан бері жөнделмеген еді. Жөндеу жұмыстарынан кейін 4 көпқабатты үйдің 500-ден астам тұрғыны үздіксіз сумен қамтамасыз етілді.
Жалпы, Алматыда қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен 2024 жылы қалада 219 шақырым жаңа су құбыры және су бұру желілері салынды, 27,3 шақырым қолданыстағы желі жаңғыртылды. Бұл шамамен 60 мың абонентті қамтуға мүмкіндік берді. 2025 жылы 240 шақырым желі салу және 48 шақырым желіні жаңғырту жоспарланған.