Оқу-ағарту министрлігі балалар құқығын қорғауда қабылданған тың іс-шараларға кеңінен тоқталды
"Қабылданған үш заңдағы маңызды бастама – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмірге бейімделуі үшін тәлімгерлер институтының құрылуы. Бүгінде 330-дан астам бала тәлімгерлермен қамтылып, қажетті көмек алуда. Балалардың құқығын қорғаудағы негізігі шаралардың бірі – балаларға қатысты құқықбұзушылық үшін жаза қатаңдатылып, кәмелетке толмағандарға жәбір көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында балаларды қоғамдық көліктерден түсіріп кетуге тыйым салынды", делінген министрліктің Facebook-тегі парақшасындағы хабарламасында.
Сондай-ақ 2025 жылдан бастап мектептер мен колледждерде республикалық бірыңғай "111" байланыс орталығына жедел хабарласа алатын QR-кодтар енгізілді. Биылғы жылдың қаңтар айындағы мәлімет бойынша байланыс орталығына 17 400 бала жүгінген.
"Елдің әр өңірінде балалардың құқықтары жөніндегі арнайы уәкілдер жұмыс істейді. 2024 жылдан бастап қорғаншылық органдарында мамандарының саны 303-тен 692 адамға, яғни екі есеге артты. Қорғаншылық органдарының штаттық саны бойынша норматив бекітілді. Атап айтқанда, 5 мың балаға кемінде 1 маманнан бөлінді. Елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім 17 660 бала қазақстандық отбасыларда тәрбиеленуде. 2024 жылы 3 мыңнан астам бала жаңа отбасын тапты", - дейді салалық министрліктегілер.
2025 жылдан бастап отбасылық орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасылар енгізілмек. Бұл бастама қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қамқорлық көрсетіп, оларға үй жағдайында қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар 2024 жылы 373 мың орынға арналған 257 мектеп қолданысқа берілді. Биыл 300 мың білім алушыға арналған 200-ге жуық мектептің құрылысы жүруде.
"Білім беру ұйымдарының қауіпсіздік шаралары күшейтілді. 20 мыңнан астам нысан бейнебақылау жүйесімен жабдықталып, Жедел басқару орталықтарына қосылған. Барлық ұйымдарда дабыл түймелері мен турникеттер орнатылып, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілді", делінген хабарламада.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру тек техникалық қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етумен ғана шектелмейді.
"Мемлекет балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар қабылдады. Жоспар балаларға қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жиынтығын қамтиды. Оның аясында өңірлерде 20 психологиялық қолдау орталығы ашылып, 242 759 оқушы мен ата-аналарға көмек көрсетілді. Барлық білім беру мекемелерінде буллингпен күрес жүргізу мақсатында Kiva және ДОСБОЛLiKe бағдарламалары енгізілді. Бұл шаралар мектептерде достық пен өзара сыйластық қарым-қатынасын құруға септігін тигізеді", делінген ресми ақпаратта.
2024 жылдың қыркүйегінен бастап балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген жеке қауіпсіздік сабақтары енгізілгені де айтылады.
"14,3 мыңнан астам білім беру қызметкері балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша оқытылды. Сондай-ақ мектеп пен отбасы арасында ынтымақтастық орнатуға, позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған "Біртұтас тәрбие" бағдараламасы енгізілді. Балалардың қауіпсіздігі – болашаққа жасалған қамқорлық. Бүгін ертеңгі елдің іргетасын қалайтын ұрпақты қалыптастырудамыз. Балаларға қамқорлық көрсете отырып, қауіпсіз әрі гуманист, мықты қоғам құрамыз. Қазақстан балалардың жан-жақты дамуы және болашағының жарқын болуы үшін құқықтық базаны нығайтып, әлеуметтік қолдауды күшейте отырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырады", деп түйінделеді балалар қауіпсіздігіне қатысты қабылданған шаралар туралы есепте.
Айта кетсек, бүгін, 30 градус аязға байланысты бірнеше өңірдегі мектеп оқушылары қашықтықтан оқыту форматына көшкені хабарлаған.