Атырауда сиыр еті күрт қымбаттады

Зейнеткер Галина Мустафина қарапайым тұрғындардың негізгі тағамына айналған сүт пен көкөніс, сондай-ақ сиыр етінің бағасы соншалықты шарықтағанына наразы.
"Енді бізге ет те мерекелерде болмаса, жәй күндер үшін қымбат өнімге айналды. Макаронмен, тауықтың сан етімен күн көрерміз, тіпті қазір картоп та қалта көтертпей барады. Біз, зейнеткерлер, не жейтінімізді түсінбеймін. Қазір базарлардағы еттің орташа бағасы 3300 теңге, ал ет дүкендерінде одан да қымбат, 4 мың теңгеден сатылып жатыр",- деді Атырау тұрғыны.

Сурет: Zakon.kz/Динара Канбетова
Сиыр етінің құны екі аптаның ішінде 700 теңгеге қымбаттаған. Саудагерлердің айтуынша, бұл мал сою цехтарына тірі малды жеткізудің төмендеуіне байланысты. Бұл ретте, қой мен жылқы еті айтарлықтай баға өзгерістеріне ұшырамаған. Алайда құйрық май бір аптада 500 теңгеге – 3500-ден 4 мың теңгеге дейін қымбаттады. Ең қолжетімді түйе еті – оның құны бір килограмына 2 мың теңгені құрайды, бірақ ол сатып алушылар арасында танымал емес.
Қазір қала базарларында сиыр етінің бағасы килограмына 3 мың теңгеден асты.
Қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Алтынай Ерубаева ахуалға түсініктеме берді
"Дүйсенбі күні өткізілген мониторинг мәліметінше, сиыр етінің жалпы құны 2200-2300 теңгеден 2600-2700 теңгеге дейін өскен. Ал, көтерме баға – 12,5%-ға 2400-2500 теңгеден 2700-3000 тенгеге дейін қымбаттаған",- деді ол.

Сурет: Zakon.kz/Динара Канбетова
Базарларға сиыр етінің шамамен 30-40%-ын Атырау облысының Қызылқоға, Исатай, Махамбет және Құрманғазы аудандарындағы жергілікті шаруа қожалықтары жеткізеді. Ал, қалған 60-70% Батыс Қазақстан облысынан әкелінеді. Бағаның өсуінің негізгі себептері – жемшөптің қымбаттауы, мал жеткізілімінің төмендеуі, сондай-ақ маусымдық төлдеуге дайындық. Сонымен қатар, тасымалдаушылар тарифтерді көтерді, бұл да еттің түпкілікті құнына әсер етті.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанда ет бағасының өсуі Тәжікстан мен Өзбекстан тарапынан сұраныстың жоғары болуына байланысты екенін айтты.