Қазақстанда полицияға қарсылық көрсетіп, бағынбау әрекеттері үшін қатаң жаза қарастырылған
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары Алтынбек Шүйіншалиев кез келген заң бұзушылықтың соңы жауапкершілікке әкелетіндігін айтты.
Бұл ретте, ол соңғы уақытта билік өкілдерін қорлап, оларға бағынбау фактілері жиілеп кеткендігін атап өтті.
2024 жылдың қорытындысына сәйкес осындай 271 дерек тіркелді.
"Оның 127-сі мас күйде, 87-сі бұрын сотталғандармен және 19-ы адамдар тобымен жасалған",- деді ресми өкіл.
Полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолданып, заңсыз әрекет жасағаны үшін 225 азамат сотталды.
Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының тұрғыны бес жылға бас бостандығынан айырылды. Жұбайымен жанжалдасқан ер адам екі учаскелік полиция инспекторына пышақпен ұмтылып, оларды жарақаттаған.
Тағы бір осындай жағдай Ақтөбе облысының Қандыағаш станциясында орын алды. "Астана – Атырау" бағытындағы пойыз жолаушысы алкогольдік ішімдіктерді ішкеннен кейін патрульдік қызмет инспекторларына физикалық қарсылық көрсеткен. Денсаулыққа зиян келтіргені үшін ер адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Қортындылай келе, Шүйіншалиев азаматтарды заңды сақтауға, билік өкілдеріне бағынбау және оларды қорлау фактілеріне жол бермеуге шақырды.
"Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске саламыз, - деді ол.
Бұған дейін ІІМ өкілдері мопедті қалай тіркеуге болатындығын хабарлаған болатын.