Елімізде жыл сайын 600-ден аса баладан қатерлі ісік анықталады

Дәрігерлердің айтуынша, қазір балалар арасында лейкоз, яғни ақ қан қатерлі дерті көбейген. Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының" мамандары халықаралық қатерлі дертке шалдыққан балалар күніне орай бас қосып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Қазіргі таңда балалар арасындағы қатерлі ісіктің алдын алу мүмкін емес. Әлемде мұндай тәжірибе де, арнайы бағдарлама да жоқ. Десе де ерте диагностика жасау көп мәселені шешеді, дейді мамандар.
"Балаларда температура болуы мүмкін. Сүйек қақсап, тісі ауруы мүмкін. Егер тез жазылмаса, дәрігерлерге жүгініп, диагностика жасауға шақырамыз." Гүлнәр Булабаева, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі
Донор, сүйек кемігін алмастыру және онкологиялық науқастарды оңалтудың мәселесі – күн тәртібінде. Балалар орталығында бас қосқан еліміздің жетекші мамандары лейкемия дерті дендеп тұрғанын айтады.
"Қан ауруы, лейкемия көбірек кездеседі. Одан кейін орталық жүйке жүйесінің онкологиялық аурулары тұр. Әртүрлі аурулар – лимфома, нейробластома, нефробластома сияқты балаларда кездесетін онкологиялық аурулар да бар." Ләззат Манжуова, ҚР ДСМ штаттан тыс бас балалар онкогематологы
Ауру ерте анықталса, бала кезінде онкологиялық дертке шалдыққандардың 70%-ы құлан таза айығып кетеді, дейді дәрігерлер.