Алматыдағы қалдықтар көлемінің 60%-ы автокөліктерге тиесілі

Талқылауға қалалық мәслихат депутаттары, экология департаментінің, көлік инспекциясының, қоғамдық ұйымдардың және басқа да мүдделі тараптардың өкілдері қатысты.
Ауаның ластануын азайту жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру процесіне жұртшылықты тартуға басты назар аударылды. Сондай-ақ азаматтардың экологиялық проблемалар мен оларды шешу жолдары туралы хабардарлығын арттырудың маңыздылығы талқыланды.

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
2024 жылы дайындалған шекті жол берілетін шығарындылар туралы жиынтық баяндамаға сәйкес, Алматыда ауаны ластаудың негізгі көзі автокөлік болып табылады. Қаладағы қалдықтар көлемі жылына 189 мың тоннаны құрайды, оның ішінде:
- автокөлік – 112 мың тонна (60%);
- өнеркәсіптік кәсіпорындар – 52 мың тонна (27,5%);
- жеке сектор (ЖТҚ және монша) – 21 мың тонна (11%);
- шағын және орта бизнес – 1,4 мың тонна (0,74%);
- құрылыс нысандары – 1,4 мың тонна (0,76%).
Almaty Air Initiative қорының жоба менеджері Равкат Мұхтаров Алматыда ластаушы заттардың деңгейі орташа алғанда рұқсат етілген нормалардан 4,8 есе асып кеткенін айтты.
Көлікті дамыту жөніндегі сарапшы Елена Ерзакович қоғамдық көлікті жедел дамыту қажеттігін, оның ішінде автобус жолақтарының санын ұлғайтуды және шығарындылары аз аймақтарды енгізуді атап өтті.
Ол сондай-ақ ластануды азайтуға көмектесетін тұрақ орындарын құрудың маңыздылығына да тоқталды.

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Мәслихат депутаты Бейбіт Апсенбетов "ауа мәселесі – өмір мәселесі" деп атап, билікті қала жолдарындағы ескі автомобильдер санын қысқарту жөніндегі шараларды шұғыл іске асыруға шақырды.
Отырыс қорытындысы бойынша ауа сапасын жақсарту үшін келесі шаралар ұсынылды:
- Еуро 0-4 экологиялық класты автомобильдерді пайдалануды шектейтін шығарындылары төмен аймақтарды құру;
- көлік класына байланысты экологиялық таза аймақтарға кіру ақысын енгізу;
- қатты отынды пайдаланатын қоғамдық тамақтандыру орындарында су сүзгілерін орнатуға қойылатын талаптарды қатаңдату;
- жеке секторды газдандыруды аяқтау және 86 қоғамдық және 12 316 жеке моншаны газға ауыстыру;
- автомобильдерді техникалық байқау пункттерін бақылауды күшейту. Алматыда 138 пункт жұмыс істейді, бірақ олардың 80-ге жуығы сарапшылардың пікірінше, заңнамалық стандарттарға сәйкес келмейді.

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұдан басқа, III және IV санаттағы өнеркәсіптік объектілер үшін қосымша экологиялық талаптарды енгізу ұсынылады.
Ұсынылған шаралар Алматыдағы экологиялық жағдайды жақсартуға және атмосфераға зиянды қалдықтар деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді, дейді сарапшылар.