Маңғыстау теміржол станциясында ауыр қылмыс жасаған Қазақстан азаматы ұсталды

Полицияның хабарлауынша, 5 ақпанда Маңғыстау теміржол станциясында көліктегі полиция департаменті жедел бөліністерінің қызметкерлері ауыр қылмыс жасаған Қазақстан Республикасының азаматын ұстады. Ұсталған азамат изоляторға қамалды. Ол Қазақстанға Түркиядан келген.
8 ақпанда Алматы халықаралық әуежайында желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Ресей Федерациясының азаматын ұстады. Қылмыскер Ресей Федерациясының қылмыстық кодексінің 132-бабында көзделген қылмыс, яғни, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін 2023 жылдан бері іздеуде болған. Ол Қазақстанға Грузиядан келіп, артынша изоляторға қамалды.
Сонымен қатар аумақтық полиция департаменттерімен өзара іс-қимыл жасасу шеңберінде Қазақстанның әртүрлі өңірінде іздеуде жүрген 5 қылмыскер ұсталды. Сондай-ақ хабар-ошарсыз жоғалған үш азаматтың орналасқан жері анықталды.
Айта кетейік, 2024 жылы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері мемлекетаралық іздеуде жүрген 127 қылмыскерді анықтап, ұстады
Оның ішінде 50 қылмыскер - Ресей, Өзбекстан, Армения, Қытай, Үндістан, Түркия, Польша және Әзірбайжан азаматтары. Ұсталғандардың барлығы уақытша ұстау изоляторларына қамалды, ал 77-сі іздестіру бастамашыларына берілді.