Енді бас бостандығынан шектеуге сотталғандарға құмар ойындарын ойнауға тыйым салынады

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың айтуынша, түзетулер есту функциялары бұзылған адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған. Оларды әкімдіктер жергілікті бюджеттер есебінен есту-протездік көмекпен қамтамасыз ететін болады.
Онкологиялық ауруларды анықтау бойынша скринингтік зерттеулер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізбесіне енгізіледі.
"Заң жобасымен жұмыс істеу шеңберінде депутаттар шартты түрде бас бостандығынан шектеуге немесе бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаға сотталған адамдардың құмар ойындарға қатысуына тыйым салуға, сондай-ақ букмекерлік кеңселерді немесе тотализаторларды жарнамалау бөлігінде заңнаманы қатаңдатуға бағытталған түзетулер енгізді", – деді Дәулет Мұқаев.
Бұдан басқа, ғимараттар мен құрылыстарда (спорттық іс-шараларды өткізу кезінде спорт ғимараттарының ішінде орналасқан жарнаманы қоспағанда), онлайн-платформаларда және басқа да БАҚ-та (ерекше спорттық бағыттағы букмекерлік кеңселер мен БАҚ-тың интернет-ресурстарындағы жарнаманы қоспағанда) орналастырылған букмекерлік кеңселерді немесе тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынады.
Бұған дейін елімізде балаларды қорғау бойынша жаңа шаралар ұсынылғаны хабарланған болатын.